Қонақтың несібесі қандай болады?
Қонақжай бір кісі болған екен. Әйелі болса жолдасының күнде бір кісілерді ертіп келетініне ашуы келетін. Бірнеше рет жолдасына:
— Күніге бір қонақты ертіп келесің, қонақтарың болса балаларымыздың несібесін жеп кетеді. – десе де, жолдасы сонда да үйге қонақ шақырмай тұрмайтын.
Бір күні әйелінің шыдамы таусып, ғұламаның қасына ақыл сұрап барады.
— Жолдасым қонақ шақырмаған күн жоқ. Балаларымыз өсіп келе жатыр, олардың сабағына біріктірген ешқандай ақшамыз жоқ. Тапқан ақшамыздың бәрі сол қонақтарды күтіп, оларды тойдыруға жаратылып жатыр.
Ғұлама әйелдің күйеуін де қасына шақырып, неге олай істейтінің сұрайды
— Қонақ шақырмай тұра алмаймын! Асымызды қонақпен бөліссек үйге береке кіреді- дейді.
Ғұлама екі жақты да тыңдап, әйелден күнде үш-төрт емес бір ғана қонақ келсе наразылығы болып болмайтынын сұрайды. Әйел оған да риза емес:
— Мен балаларымның несібесін басқасына жегізе алмаймын, деп тұрып алады.
Күйеуі ең болмаса күнде бір қонақ келсінші деп сұрайды. Ақыры әйел көнеді. Алайда ертеңіне жолдасы қайта екі қонақ ертіп келгенін көреді. Әйел ашуланса да, ашуын сыртқа көрсетпей ас үйге кіріп үш кісілік ас дайындайды. Қонақтар кетіп қараса жасалынған тамақ бір кісілік артылып қалады.
Әйел жолдасына:
— Қонақтың біреуі неге тамақ ішпей кетті? деп сұрайды. Жолдасы аң-таң:
— Қай қонақты айтасың? Мен бір-ақ қонақпен келдім ғой. Бірақ әйел бір емес екі қонақтың келгенін нақты көргенің айтады. Анығын білу үшін олар қайта ғұламаның алдына барады. Ғұлама болған жағдайды тыңдап:
— Жұбайыңыз рас айтады! Үйге екі қонақ кірген. Бірақ екінші қонақ,адам емес, адам кепіліндегі несібе болатын. Қарсы болсаңыз да дастархан жайып қонақты жылы қарсы алғаныңыз үшін несібе азаймады. Өйткені әр қонақ өз несібесімен келеді, тіптен несібесі өзінен 40 күн бұрын келеді. Яғни, ешкім ешкімнің несібесін жей алмайды, несібе де азаймайды, керісінше, қонақ шақырған үйдің несібесі артады.