Қазақстанда өнеркәсіп және кәсіпкерлер одағы құрылды
Елімізде «Ел тірегі» атты өңдеу өнеркәсібі, ІТ-сала, қызмет көрсету мен білім саласындағы қауымдастықтарды біріктіретін жаңа одақ құрылды, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
«Тура бір ай бұрын осындай одақтың құрылатынын жариялаған болатынбыз. Бір ай бойы ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Одақтың ашылатын кезі келді. Құрамына кімдердің кіретінін, қандай мақсаттарды алдымызға қоятынымызды белгілеп алдық», - деді елордада одақтың таныстырылуында белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әбенов.
«Ел тірегі» одағының төрағасы - Парламент Мәжілісінің депутаты Нұржан Әлтаев. Одаққа елге белгілі тұлғалармен бірге кәсіпкерлер де енген.
«Қазақстанға жаһандық және өңірлік нарықтарда бәсекеге қабілетті өнеркәсіп қажет. Ол үшін Үкімет көп жұмыс жүргізді. Бірқатар бағдарлама, соның ішінде үдемелі индустрияландыру мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бірақ, барлық шараға қарамастан, өнеркәсіпте, біздің экономикада елеулі өзгерістер болмай жатыр. Яғни, өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі 10 жыл бұрын 11 пайыз еді - әлі солай. Оның үстіне біз сыртқы факторлар тарапынан кәсіпкерлерімізге елеулі қысым жасалып жатқанын көріп отырмыз», - деді Нұржан Әлтаев.
Депутаттың айтуынша, аталған мәселелерді шешу үшін ымырасыз бәсеке заманында жеке өндірісті дамыту керек.
«Бірнеше мақсаттарды көздеп отырмыз. Біздің экономикамызды одан әрі әртараптандыру, оны анағұрлым тұрақты және мықты ету үшін не істеу керек? Шикізат секторынан тыс өнеркәсіпті дамыту үшін барынша оңтайлы жағдай жасау үшін не керек? Әлемдік экономикамен бір толқында болу және сын-қатерлерге дайын болу үшін не қажет? Бұл іс-әрекеттер тек Үкімет тарапынан, мемлекеттік органдар тарапынан болмауы керек деп есептейміз. Бизнес, өнеркәсіп - біздің экономикамыздың қозғаушы күштері, олар да мұны өз қолдарына алып, Үкіметке және мемлекеттік органдарға көмек көрсетуі тиіс. Одақ өңдеу өнеркәсібі, ІТ-сала, қызмет көрсету мен білім саласындағы қауымдастықтарды біріктіреді», - деп түйіндеді Нұржан Әлтаев.