Жарасқан Әбдіраш. «Тілашар»
Әліппе алып,
Әріп танып,
Тіл сындырдым,
Өліп-талып...
Тағы да той жасап атам,
Талап қойды аса қатаң:
– Беліңді бу –
Қиындарға!
Білімді қу –
Миың барда!
Қолын жайып атам енді,
Маған былай бата берді:
– Қиын жолда,
Миың барда,
Түсірмесін сыйыңды Алла!
– Бола көрме осал! – деді. –
Үздік оқып, «Бес» ал! – деді.
Орындаймын мен талабын,
«Бес» емес-ау – «Алты» аламын!