Депутат Ұлттық экономика министрлігін сынға алды
Сенатта 2025 жылы бюджеттің қалай игерілгені талқыланып жатыр. Депутат Нұрлан Бекеновтің айтуынша, өңірлердегі бюджет қаражатының жұмсалуына орталық тарапынан бақылау жеткіліксіз.
Депутаттың сөзінше, өңірлердің жиынтық даму бюджеті 3,7 триллион теңге болды. Бұл барлық бюджет шығысының шамамен алтыдан бір бөлігі. Алайда өңірлерде бөлінген қаражат толық игерілмей отыр дейді ол.
“Қаражаттың 98%-ы игерілгенімен, жоспарланған нәтижелердің тек 67%-ына ғана қол жеткізілген. Бұл бюджет қаражатын басқарудың тиімділігі төмен екенін көрсетеді. Ұлттық экономика министрлігі тарапынан жобалардың іске асырылуы мен аяқталуына тексеріс жүргізілмеген. Сол себепті есептің шынайы екеніне күмән бар. Мәселен, министрлік дерегінше, жалпы құны 4 миллиард теңге болатын 14 инвестициялық жоба аяқталмаған. Ал жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, олардың 12-сі 3,5 миллиард теңге сомасымен 2026 жылға өтпелі жоба ретінде көрсетілген”, – деді Бекенов.
Оның айтуынша, 2025 жылғы есепке іс жүзінде 2024 жылы аяқталған инвестициялық жобалар да енгізілген. Сонымен қатар 2025 жылға жоспарланған кейбір инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде аяқтау мүмкін емес.
“Республикалық бюджеттен бөлінетін ақша кейде өңірлерге (облыстарға, қалаларға) жыл соңында ғана беріледі. Ал инвестициялық жобаларды (мектеп салу, жол жөндеу, аурухана салу сияқты) жүзеге асыру үшін уақыт керек. Осы мәселелер мен заңбұзушылықтар нысаналы трансферттер аясында туындап отыр. Сондықтан салалық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың тұрақты өзара іс-қимылы, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын өңірлік жобалардың жүзеге асырылуын қатаң бақылау қажет”, – деді депутат.


