Тоқаев денсаулық сақтау саласын жаңғыртуды тапсырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бүкіл денсаулық сақтау инфрақұрылымына ауқымды реновация жүргізу жөнінде тапсырма берді.

Тоқаевтың айтуынша, "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасының бірінші кезеңі сәтті іске асырылып, 2023 жылдан бастап жаңадан 655 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны салынған.
“Биыл 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары аяқталады. Бұл азаматтарды тұрғылықты жерде сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етеді. Елордада және өңірлерде мамандандырылған ғылыми институттар мен көпбейінді ауруханалар, заманауи емханалар және перинатальды орталықтар бой көтеруде. Дегенмен алдағы жұмыс ауқымды. Елімізде пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен 14 мыңнан аса нысан әлі де қызмет көрсетіп тұр.
Сондықтан Үкімет бүкіл денсаулық сақтау инфрақұрылымына ауқымды реновация жүргізіп, олардың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуы қажет", – деді ол.
Тоқаев білікті маман тапшылығын жою да негізгі мәселе екенін атап өтті. Айтуынша бұл мәселенің зардабын әсіресе ауылдық жерлер тартып отыр.
"Бұл үшін бастапқы медициналық-санитарлық көмек жұмысшыларын қолдау бағдарламасын әзірлеу қажет. Адамдарға көмектесуге бірінші болып келетін жандар мемлекет қамқорлығын сезінуі керек. Олар үшін лайықты жалақы, толық әлеуметтік пакет және жергілікті жерде жұмыс істеуге ынталандыратын тетіктер болуға тиіс", – деп қосты ол.
Осы түста мемлекет басшысы ЖИ мен цифрлық технологияларды медицинада қолданудың алғашқы нәтижелеріне де назар аудара кетті.
"Қазақстан озық технологияларды барлық салаға, соның ішінде медицинаға белсенді түрде енгізе бастады. Бұл – заман талабы. Осы бастама қазіргі таңда отандық денсаулық сақтау саласын дамытуға тың серпін беріп жатыр десек, қате болмайды. Цифрлық технологияның арқасында диагностика жасау уақыты төрт есеге қысқарды. Сондай-ақ қатерлі ісікті анықтау көрсеткіші 30 пайызға артты. Жасанды интеллект дәрігерлерге күрделі клиникалық шешімдерді қабылдауға септігін тигізуде. Бүгінде еліміздегі 1800-ден астам медициналық мекеме цифрлық форматқа көшірілді. Ақпараттық жүйелерді өзара байланыстыру, яғни, интеграциялау арқылы әкімшілік жүктеме 40 пайызға дейін төмендеді”, – деп қосты президент.
Тоқаев бұл бағыттағы жұмыстардың міндетті түрде жалғасатынын алға тартты.


