ҒЫЛЫМ КҮНІНЕ ОРАЙ ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ ІЗДЕНІСТЕРІ НАСИХАТТАЛДЫ
Ғылым күніне орай Тәшенов университетінде білім алушылар арасында ауқымды ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтті. Аталған шараның басты мақсаты – жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыру, олардың ізденіс мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ ғылыми жобаларды көпшілік алдында қорғау дағдыларын жетілдіру болып табылады.

Конференция факультеттер арасында жеке-жеке қарастырылып, әр бағыт бойынша арнайы ұсыныстар мен ғылыми бағдарлар негізінде ұйымдастырылды. Бұл өз кезегінде әр білім беру бағытының ерекшелігін ескеріп, ғылыми жұмыстардың сапасын арттыруға мүмкіндік берді.
Іс-шараның ашылуында Педагогикалық және жаратылыстану институтының директоры Арзымбетова Шолпан Жақсылыққызы сөз сөйлеп, конференцияның маңыздылығына тоқталып, білім алушыларға сәттілік тіледі. Өз сөзінде ол жас ғалымдардың ғылыми ізденістеріне қолдау көрсету – білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
Конференция барысында білім алушылар өздерінің ғылыми жобаларын ұсынып, түрлі бағыттар бойынша өзекті мәселелерді көтерді. Қатысушылар тың идеяларымен, жаңашыл көзқарастарымен ерекшеленіп, ғылымға деген қызығушылықтарының жоғары екенін көрсетті. Әсіресе педагогика және психология білім беру бағдарламасының білім алушылары белсенділік танытып, ғылыми жұмыстарын жоғары деңгейде қорғап шықты.
Атап айтқанда, Парман Назерке, Әбділәзім Ұлдана, Абдикаримова Аида, Әбдіхан Самал, Адайбек Бекнұр, Тарасенко Мария, Ирисметова Азиза секілді білім алушылар өздерінің тың зерттеулерімен және мазмұнды баяндамаларымен ерекшеленіп, конференцияның мазмұнын байыта түсті. Олардың ғылыми жұмыстары өзектілігімен, практикалық маңыздылығымен және зерттеу сапасының жоғары деңгейімен бағаланды.
Жас зерттеушілердің ғылыми қалыптасуына бағыт-бағдар беріп, олардың ізденістеріне жетекшілік жасаған тәжірибелі оқытушылар – Чинибаева Гүлнәр Дүйсековна, Убайдаева Зухра Биляловна, Курбанкулова Гүлжан Талғатқызы, Айткулова Нұргүл Жорабековна, Ермашева Ақерке Орынбасарқызы – білім алушылардың ғылыми әлеуетін дамытуға зор үлес қосты. Оқытушылардың кәсіби қолдауы мен ғылыми кеңестері студенттердің нәтижелі жұмыс көрсетуіне негіз болды.

Конференцияны ұйымдастыруда Ғылым және инновация департаментінің директоры Оралбекова Әлия Құрбановна және Жобаларды коммерцияландыру және сүйемелдеу орталығының басшысы Парманкулова Перизат Жақсылыққызы ерекше белсенділік танытып, іс-шараның мазмұнды әрі жоғары деңгейде өтуіне үлкен үлес қосты. Ұйымдастырушылар тарапынан ғылыми орта қалыптастыру, жас ғалымдарды қолдау және олардың жобаларын тәжірибеге енгізу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Бұл ғылыми конференция білім алушылар үшін өз идеяларын ашық ортада таныстыруға, пікір алмасуға, ғылыми қауымдастықпен байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, мұндай іс-шаралар студенттердің зерттеушілік қабілеттерін дамытып қана қоймай, олардың болашақ кәсіби бағыттарын айқындауға ықпал етеді.
Жалпы, Ғылым күні аясында өткен бұл конференция жас ғалымдардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Маманқұл Ақмарал Әбибұлақызы,
Педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі


