"Шымсити" саябағына Қонаевтың атын беру туралы ел ағалары не дейді?
«Рейтингтің» өткен нөмірінде «Шымсити саябағына Қонаев атауы беріліп, ескерткішін орнату керек» деген тақырыппен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері-заңгері, заң ғылымының докторы, профессор Бекет Тұрғараевтың ұсынысы туралы жазып қоғам қайраткерілерінің қолдау пікірлерін жариялаған едік.
Нақтырақ айтқанда, қазақтың біртуар тұлғасы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 12 қаңтардағы туған күніне орай өткен «Дара тұлға Қонаев» атты еске алу жиынында Бекет Тұрғараев Д.Қонаевтың есімін қаладағы басты көрнекі жерлердің бірі, аумағы 45 гектардан асатын «Шымсити» саябағына беру және ескерткішін орнату керектігін айтып, қала басшылығының «құлағына алтын сырға» ретінде ұсынысын жеткізді. Осы ұсынысқа орай мемлекет және қоғам қайраткерілерінің қолдау пікірін білдіруі жалғасып жатыр. Соның бірқатарын елге жеткізуді жөн санадық.

Кенжехан ТӨЛЕБАЕВ,
Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Бұдан да кең ауқымда жүзеге асуы тиіс
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың бүгінгі таңда Тәуке хан даңғылында орналасқан шағын ғана бюсті бар, сонымен шектеліп отырғанымыз жасырын емес. Қазақ халқы үшін қыруар қызмет атқарған, елдің әлеуметтік-экономикалық, ғылыми және мәдени дамуына өлшеусіз үлес қосқан осындай ірі мемлекет қайраткерінің есімін ұлықтау бұдан да кең ауқымда жүзеге асуы тиіс деп ойлаймыз.
Сондықтан Қонаевтың атын саябаққа беру жөнінде ұсыныс көтерілсе, не болмаса еңселі ескерткішін орнату мәселесі күн тәртібіне шықса, мұндай бастамаларды біз зор ризашылықпен және қуана қолдаймыз. Бұл өткенге тағзым ғана емес, келешек ұрпаққа берілетін тағылымды тәрбие. Халық көп жиналатын, демалыс орындарында орналасқан ескерткіштер жасөспірімдердің тарихқа деген қызығушылығын арттырып, елін сүйген ерлерді тануына жол ашады.
Қонаевтай тұлғаларды ұлықтау арқылы біз өз тарихымызға, ұлттық құндылықтарымызға деген құрметті нығайтамыз. Ел үшін еңбек еткен ерлердің есімі халық жадында мәңгі сақталуы тиіс.

Сексенбай ТҰРЫСБЕКОВ, Түркістан облысының, Созақ ауданының құрметті азаматы:
«Біздің заманымыздың пайғамбарындай»
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев өз заманының рухани темірқазығына айналған, халқы үшін өмір сүрген бірегей тұлға. Халықтың санасында ол әділдігімен, қарапайымдылығымен, елге деген шексіз адалдығымен ерекше орын алды. Сол себепті жұрт оны «біздің заманымыздың пайғамбарындай» деп қабылдайды. Бұл оның халық алдындағы беделі мен рухани биіктігін білдіретін теңеу.
Осы тұрғыдан алғанда, Қонаевтың атын саябаққа беру де, еңселі ескерткішін орнату да артық емес, керісінше, орынды әрі заңды қадам. Бұл тарих алдындағы, сондай-ақ елге қалтқысыз қызмет еткен ұлы тұлға алдындағы перзенттік парызымыз. Оның есімін ұлықтау, өмір жолын насихаттау, кейінгі ұрпаққа үлгі ету ұлттық сананы нығайтатын маңызды іс.
Дінмұхамед Қонаевтың атын қалай дәріптесек те жарасады, қандай деңгейде насихаттасақ та лайық. Ол тұтас халықтың мақтанышы, ел жадында мәңгі сақталуға тиіс тұлға.

Оңалбай АЯШЕВ,қоғам қайраткері, ҚР ҰҒА академигі, Жұмабек Тәшенев атындағы университеттің басқарма төрағасы:
Қаржылай көмек керек болса қосыламыз
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ірі ғалым, ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Ол ұзақ жылдар бойы елді басқарып, елдің әлеуметтік-экономикалық, ғылыми және мәдени өркендеуіне зор еңбек сіңірді. Қонаевтың адами болмысы, парасаты мен елге деген адалдығы бүгінгі ұрпақ үшін де үлкен өнеге.
Иә, Дінмұхаммед Қонаев бар өмірін ел ісіне арнаған азамат, ғалым, саясаткер. Нағыз үлгі, өнеге алатын тұғырлы тұлға. Әлбетте, халық шоғырланатын жерде оның ескерткіші тұрса, жастар тарихқа үңілетін болады. Біз осындай тұлғаларымыздың атын өшіріп алмауды ойлауымыз керек. Оларды тарихта біз сақтап қалмасақ, кім сақтап қалады? Сондықтан бұл ұсынысты қолдаймыз. Егер қаржылай көмек керек болса қосыламыз.
"Рейтинг" газеті


