«Тәуелсіз Қазақстандағы сайлау және саяси бәсекелестік» атты дөңгелек үстел өтті

Oinet.kz 12-12-2025 19

Screenshot_11.jpg

Кентау қаласында Әл-Фараби атындағы №14 мектеп-гимназиясында өткен «Тәуелсіз Қазақстандағы сайлау және саяси бәсекелестік» атты дөңгелек үстелге қаламыздағы бірнеше саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Атап айтқанда: «Ауыл», «Respublika», «Amanat», «Байтақ» жасылдар партиясы, «Кентау жастары» жас сайлаушылар клубы мүшелері және бірқатар қоғамдық бірлестіктер.

Іс-шараға сондай-ақ Кентау қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, учаскелік сайлау комиссияларының хатшылары қатысып, еліміздегі сайлау жүйесіндегі өзгерістер мен көппартиялылықтың демократиялық даму үшін маңызын атап өтті.

Осы маңызды кездесуге «Ауыл» партиясы Кентау филиалының Жастар қанатының төрағасы Бурашов Шоқан Уәлиханұлы қатысып, жастармен ашық пікір алмасты. Ол Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, партияның ел алдындағы миссиясы, ауылдық аймақтарды дамытуға бағытталған бастамалары және жастарға көрсетілетін нақты қолдау шаралары туралы кеңінен баяндады. Астанада өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөйлеген сөзіне тоқталды.

Шоқан Уәлиханұлы «Ауыл» партиясының жастар саясатындағы басымдықтарын түсіндіріп, жас буынның бастамаларын қолдауға әрқашан дайын екенін жеткізді.

Жиын барысында жас сайлаушылар тарапынан сайлау жүйесінің ерекшеліктері, саяси бәсекелестіктің рөлі және қазіргі реформалардың жастарға ықпалы туралы сұрақтар қойылды. Шоқан Бурашов барлық сұрақтарға нақты әрі мазмұнды жауап беріп, жастарды саяси процестерге белсенді араласуға үндеді.

«Ауыл» партиясының өкілі ретінде оның бұл кездесудегі мақсаты – өңір жастарының ой-пікірін тыңдау, саяси сауаттылықты арттыруға үлес қосу және жастарды қоғамдық жауапкершілікке шақыру болды.

Шара жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар үшін пайдалы ақпаратқа толы мазмұнды диалог алаңына айналды. Ұйымдастырушылар мен белсенділік танытқан барлық жас қатысушыларға ризашылық білдірілді.

Дені сау ұлт – мықты мемлекет
Тоқаев Ресей мен АҚШ президенттерінің Украина бойынша келіссөздер процесін қолдайтынын айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу