«Пышақтап, тістеріне дейін сындырып тастаған»: Тараздық 18 жасар марқұмның анасы әділдік іздейді
Тараз тұрғыны Аңсагүл Қасымова 18 жастағы ұлын бәзбіреулер аяусыз ұрып, пышақтап кеткенін айтты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Almaty.tv-ге сілтеме жасап.
Әділдік іздеп, жанұшырған ана жұмыстан келе жатқан ұлының өліміне себеп болғандар әлі жазаланбай отыр дейді.
Телеарна мәліметінше, 18 жастағы Нұржігіт Жолшыбекты әлдекімдер пышақтап кеткен. Анасының сөзінше, жұмыстан қайтып келе жатқан ұлын бұзақылар сөзге келместен, соққының астына алған. Айтуынша, әлгі топ өзара араздасқан азаматтардың кегін Нұржігіттен қайтарған.
«Белгісіз бесеуі басқа бір жәбірленушімен ұрсысып, араларында конфликт болып қапты. Сөйтіп олар барғанда 3 досын жинап, ақылдасып, шақырып, пышағын алып келген. Менің балам 3 қызбен, ана екеуі артында келе жатқан. Менің баламды танымаса да пышақтап тастаған ғой. Бесеуі бес жақтан тепкілеп, тістеріне дейін сындырып тастаған», — деді марқұмның анасы Аңсагүл Қасымова.
«Баламнан айырылдым» деп зар жылаған ана ұлының өліміне қатысты іс әлі күнге дейін сағызша созылып, одан қалды бұрмаланып жатқанын айтты. Тіпті бір топ жігіт Нұржігіт Жолшыбекті пышақтаған сәті анық түскен таспа да бар еді, алайда, бейнежазбалар тергеу ісіне тіркелмегенін жеткізді.
«Барып санадық 23 камера бар екен. Сол тергеуші видеоны тіркемеген ғой. Арғы жағындағы түсірген бейнематериал тіркеген. Ал бергі жақтағы «Сергекке» түскендері жоқ. Киімдерін көрсетті, тілгілей берген, 6 ағзасын кесіп кеткен», — деді марқұмның анасы Аңсагүл Қасымова.
Айта кетейік, 18 жастағы жігіттің өліміне қатысты істі Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қараған. Бұзақылардың бірі қасақана адам өлтіру бабымен 20 жылға, ал қалған төртеуі қоғамдық тәртіпті бұзу бойынша 3,5 жылға сотталды. Бірақ үкім әлі заңды күшіне енбеген. Өйткені айыпталушы тарап аппеляциялық шағым түсіріп, істі қайта қарауды сұраған.
«Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Заңда белгіленген мерзім ішінде үкімге қатысты апелляциялық шағымдар келіп түсті. Осыған байланысты іс қазіргі уақытта Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында апелляциялық тәртіппен қаралып жатыр. Апелляциялық инстанция шешім шығарғаннан кейін, қосымша ақпарат беріледі», — деді Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.
Ал марқұмның анасы алғашқы сотта әділ шешім шыққан. Іс қайта қаралса, кінәлілер жазадан оңай құтылып кете ме деп алаңдайды.