СҚО-да қызын сабақ оқымағаны үшін пышақтаған әйел туралы тың деректер айтылды
Солтүстік Қазақстан облысында анасы сабақ оқымағаны үшін қызына пышақ салған оқиғаның жай-жапсары белгілі болды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Қыз пышақ жарақатын алғанда, дереу сол ауылға дәрігерлер бригадасы жөнелтілген. Шұғыл отадан кейін Петропавл қаласына жеткізілгені белгілі болды. СҚО көпсалалы облыстық балалар ауруханасы директорының міндетін атқарушы Александр Гассман науқасты тасымалдау сәтті өткенін хабарлады.
«Бізге облыстық балалар бөліміне, реанимация бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта бала өзін жақсы сезінеді, жағдайы әлі де ауыр, бала есін біледі, оттегіге тәуелді емес. Өмірге қауіп жоқ, өйткені баланың жағдайы тұрақты», - деді ол.
Анасы қызына қанша жарақат салғаны хабарланбады. Бірақ қыз көп қан жоғалтқаны белгілі. Іс денсаулыққа қасақана зиян келтіру дерегі бойынша тергеліп жатыр.
Бұл отбасында алты бала бар екен. Үйде атасы мен әжесі де тұрады. Анасы іс жүргізу барысында ата-анасының үйінде болатыны айтылады. Бес бала, оның үшеуі мектеп оқушылары және бір мектеп жасына дейінгі бала әкесімен бірге үйде қалған.
СҚО бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Сұрағанова отбасы туралы айтып берді.
«Бұл көп балалы отбасы, қарапайым отбасы, кәмелетке толмағандар да бар. Бүгін аудандағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия оқиға орнына барып, отбасымен әңгімелесті. Ауылдық жерлерде тұратын қарапайым көпбалалы отбасы, олар туралы теріс пікірлер болмаған. Бүгінгі таңда кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия бұл отбасын есепке алды», - деді Сұрағанова.