Боди массаж: Жасырын жезөкшелік пе әлде сұраныс жоғары қызмет пе?
Биыл жыл басынан бері Алматы қаласының аумағында боди-массажы салонының атын жамылып, интим-қызмет көрсеткен 53 массаж жасайтын салон анықталған. Сондай-ақ, 2024 жылы жедел алдын алу іс-шаралары аясында ҚР ӘҚбК-нің 450-бабы (Жезөкшелікпен немесе жеңгетайлықпен айналысу үшін үй-жай беру) бойынша 131 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда мұндай жазадан сескенбейтіндер де бар, өйткені Қазақстан заңында "эротикалық массаж" ұғымы жоқ. Сондықтан кейбір салон иелері ер адамдарға ғана арналған спа-орталық тіркеп, "эротикалық массаж" терминін жамылып, боди-массаждан бастап, келушінің кез келген қалауын орындайды. Бірақ мұның заңға қайшы екенін ұмытпаған жөн. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі интим қызметтің мұндай түрінің қыр-сырын анықтауға тырысқан, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Бүгінде массажға қатысты әлеуметтік желі беттерінде тараған жарнамамен де ешкімді таңғалдыра алмайсың. Өйткені уақыт өте келе бұл бәріне қалыпты нәрсе болып, қалыптасып кетті.
Әдетте, массаж жасайтын мекемелер жеке кәсіпкер ретінде, кейде сұлулық салондарының қызметі мен медициналық қызметтері бар ЖШС ретінде тіркеледі. Сондықтан мұндай массаж салондары медициналық лицензиясыз жұмыс істей алмайды. Әйтпесе, мұндай мекемелердің иелері қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Дегенмен, лизенция берілуі үшін қадағалау органдары тарапынан арнайы тексерулер болмайтын көрінеді.
Massaget.kz тілшісі бұл кәсіптің қалай жұмыс істейтінін анықтау мақсатында ашық дереккөздерден массаж жасайтын салондар туралы ақпарат жинап көрді. Мысалы, Алматы қаласындағы тек ер адамдарға қызмет көрсететін мекеменің бірінде "эротикалық массаждың" түр-түрі бар. Мекеме Әуезов ауданында орналасқан. Салонда массаж бағдарламасының 8 түрі бар: боди массаж, Маx 2-Релакс, Шейх Body, Гейша Body, Сакура Body, 4-қол Body, Аква көбік Body. Қызметтің бағалары 15 мыңнан 130 мың теңгеге дейін барады.
Бұл бағдарламаларға қандай қызмет түрі кіретінін білу үшін мекеме өкілдерімен де хабарласып көрдік. Айтуларынша, мысалы, салондағы ең қымбат "Маx 2-Релакс" бағдарламасында қарапайым массаж жасалынбайды екен.
"Бұл бағдарлама таза эротикалық массажды қамтиды, классикалық массаж жоқ, бір жарым сағат 45 мың теңге тұрады. Уқалаушы қыздың жыныс аймағынан басқа барлық денесін ұстауға болады. Бағдарламаға дейін және кейін қызбен бірге душ қабылдайсыз", - деді мекеме өкілі.
Сондай-ақ, мекеме өкілі "Гейша Body" бағдарламасы өте сезімтал массаж түрі екенін жеткізді. Бағдарламада қолмен массаждан бөлек, уқалаушы ер адамның денесін сүйіп, тістейтін қызметі де бар. Ал "4-қол Body" бағдарламасында екі қызмет көрсететін әйел ер адамды алдымен шомылдырып, кейін шарап ұсынады, артынан шығыс биін билеп, массаж жасайды. Мекемеде "Ханым" бағдарламасы да бар, бұл бағдарлама барысында қызмет көрсетушінің денесін толық ұстауға болады. Бұдан бөлек те түрлі қызметтер бар, оған қоса бұл тек қағазға ресми жазылған қызметтер тізімі, сондықтан ауызша келісім арқылы да қызметтер болуы әбден ықтимал. Осыдан соң көкейде бодимассаж қызметінің ар жағында жезөкшелік жасырынып тұрған жоқ па деген көңілде күдік көлбеңдейді.
Аталған қызметтерге қарап мұны жай "массаж" деуге бата алмайсың. Дегенмен "эротикалық массаж" жасайтын салон иелері мүлде басқаша ойлайды. 2023 жылы осындай мекеменің басшылары боди-массажға жүргізілетін рейдтерге қарсы петицияға қол жинаған болатын. Құжат авторлары бас прокурор Берік Асыловқа "эротикалық массаж" саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер атынан жүгінді. Олардың айтуларынша, боди-массаж жасайтын қыздар басқа саладағы қызметкерлер секілді азаматтар. Олардың жалақысынан салық төленеді, олар баспана сатып алады, бала тәрбиелейді, экономиканың дамуына үлес қосады.
"Боди-массаж деп аталатын массаждың эротикалық түрі мастердің жалаңаш денесінің клиенттің денесімен өзара әрекеттесуі арқылы жасалады. Боди-массаждың интим қызметтен маңызды айырмашылығы - процедура технологиясы шебер мен клиент арасындағы жыныстық қатынастың түрлерін қамтымайды. Психологтар боди-массаж психологиялық блоктарды алып тастауға, дене бұлшықеттерін босаңсытуға, эмоционалды жағдайды жақсартуға, сондай-ақ жалпы адамның денесі мен психикасына оң әсер ететінін анықтады", - делінген құжатта.
Сонымен қатар, петиция авторлары ҚР Конституциясында, заңында, нормативтік құқықтық актілерінде және басқа да құжаттарында "эротикалық массажға тыйым салу" туралы бірде-бір сөз жоқ екенін алға тартты. Тиісінше, олар эротикалық, боди-массаж қызметтерін ұсыну, сондай-ақ эротикалық массаж түрлеріне маманданған салондар мен массаж орталықтарының қызметтерін ашу және ұсыну - заңды деп санайды.
Полиция департаменті не дейді?
Алматы қаласы Полиция департаменінің мәліметінше, ҰҚқКБ қызметкерлері КҚқБ және ЖПҚ-мен бірлесіп жеңгетайлық, сондай-ақ боди-массажы салондары (интимдік қызметтер көрсететін) деректерін анықтау бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, жедел іздестіру іс-шараларының нәтижелері бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 309-бабы (жезөкшелік және жеңгетайлықпен айналысу үшін үй-жай ұйымдастыру немесе ұстау) бойынша 20 сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Аталған баптың санкциясына сәйкес, мүлкін тәркілеумен бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Жақында Шымкент қаласында 15 жастағы жасөспірімнің боди-массаж жасау дерегі анықталуы елде резонанс тудырғаны болатын. Осы оқиғадан кейін Massaget.kz редакциясы Алматы қаласы Полиция департаменіне мегаполистегі кәмелеттік жасқа толмағандардың осындай дерекке қатысы туралы сауал жолдады.
"Алматы қаласының аумағында кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке тарту деректері анықталмады", - делінген жауапта.
Сондай-ақ, ел арасында осы екі бағытта "қызмет" көрсететін жезөкшелер, жеңгетайлар мен деңгейі төмен мейрамханалар қызметкерлерін учаскелік полицейлер "қорғауына" алғаны туралы да қауесет бар. Алматы қаласы ПД бұған пікір білдірді.
"Алматы қалалық ПД Өзіндік қауіпсіздік Басқармасы полиция қызметкерлері арасындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр", - делінген жауапта.