«Бөлінген ақшаны жаратса болды»: Белсенділер жоғары баллмен грантқа түспей қалғандарды қолдады
Бірнеше белсенділер су тасқынынан зардап шеккендерге грант берілгендіктен, жоғары балл жинаса да, грантқа түсе алмай қалғандарға қолдау білдірді. Олар министрлікті сынға алып, төтенше жағдай үшін грант бөлек қарастырылуы керек екенін айтады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Наразы ата-аналар мен түлектер жалпы чат құрып, қазір 800-ден астам адам жиналған. Олар гранттар әділетсіз бөлінді деп жоғары білім және ғылым министрлігіне, Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, петиция дайындамақ.
Олардың талаптары мынадай:
Әділдік болу үшін гранттарды бөлудің ережелерін қайта қарау;
Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарды қолдауға қосымша гранттар бөлу және осылайша жоғары нәтижелерге қол жеткізген қарапайым студенттерге зиян келтірмеу;
Болашақта осындай жағдайларды болдырмау үшін гранттарды бөлу процесіне қатаң бақылау мен ашықтықты енгізу.
“Көп талантты түлектер неге шетелге асығатынын ұқтым”
Желі белсендісі Медина Майсар да биыл ҰБТ-дан жоғары балл жинаса да, грантқа ілікпей қалғанын айтып, ренішін жеткізді. Ол ҰБТ-дан 119 балл жинаған. Алайда одан төмен балл алғандар су тасқыны болған аймақтан болғандықтан, грант соларға берілген.
“Мен адамдардың құқығын қорғағым келеді, сондықтан заңгер болуды мақсат етіп отырмын. Мен өзім таңдаған университетте оқу құны екі миллион теңгеге жетеді, бұл менің отбасымның бюджетінен асып түсетіндіктен, грантқа түсуге шешім қабылдадым
Биыл Қазақстан бойынша “Құқық” мамандығына 150 грант бөлінді. Сондықтан жыл бойы тестілеуге қызу дайындалып, нәтижесінде ҰБТ-дан 119 балл жинадым. Мен 11-сыныпты жақсы бағамен бітірдім. Әрине, оқуға түсемін деп шынымен үміттендім. Грант иегерлерінің тізімінен өзімді таппай, ренжідім. Грант иегерлерінің тізімінде тіпті 115 балл жинаған түлектер бар, бұл менің 119 баллымнан әлдеқайда төмен”, – деді Медина Майсар.
Төтенше жағдай аймағында тұратындар үшін жалпы гранттардың 20%-ы берілгендіктен, 150 гранттың 30-ы соларға беріліпті.
“Әділ түрде өтпей қалсам бір жөн, бірақ шенеуніктер басқа балалардан тартып алып бергені ренжітті. Біздің жеке тұлға ретінде құнымыз жоқ. Талантты түлектер неге шетел университеттеріне түсуге асығатынын енді түсіндім. Онда сізді ең алдымен адам ретінде бағалайды. Олар сіздің портфолиоңызға қарайды, эссеңізді оқиды. Ал бізде сіз жай ғана цифрсіз, өтініш толтырған кездегі сандар жиынтығы, ҰБТ ұпайлары, университет коды және мамандық. Грантқа өтініш берген кезде волонтерлік іс-әрекеттеріңіз, олимпиадаларға қатысуыңыз немесе сабақтан тыс іс-шараларыңыз туралы сертификаттарды тіркеуге мүмкіндік жоқ. Неліктен осы мамандықты таңдағаныңыз ешкімді қызықтырмайды? Тек бөлінген ақшаны жаратса болды”, – деді ол.
"Су басты деп білімді шәкірттердің бағын байлау – қате”
Белсенділер желіде түлектерді қолдай кетті. Журналист Дина Төлепберген биылғы грант дұрыс бөлінбегенін атап өтті.
“Жоғарыдағылар жоғары білім туралы ойлай ма? Әділетсіздікті айтып түлектер түрлі хат жолдап жатыр. Менің ойым: Апат келген аймаққа ортақ гранттан емес, артығымен бөлек берілуі тиіс. Су басты деп білімді шәкірттердің бағын байлау – қате… Үміткерлердің зарын естіп, жасын көргендер тағы да мүмкіндік беріп, қайта қарастырар. Қане, ҰБТ дан қанша балл алдыңыздар, қайда оқуға түстіңіздер? Сіз де әділетсіздіктің құрбаны болдыңыз ба?”, – деп жазды журналист.
“Жастардың сағын сындырмаңыздар!”
Қоғам қайраткері, “Әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат" ұлттық, комиссиясының мүшесі Тоғжан Қожалы да жағдайға пікір білдірді. Оның сөзінше, су тасқынынан зардап шеккендерге грант “Қазақстан халқына” қорынан берілуі керек еді.
“100 мыңнан астам түлек мемлекеттік грантқа ие болғаны өте қуантады. Олардың саны былтырғыдан көп. Жарайсыздар. Бірақ “бірақ” дейтін нәрсе бар. Балалар ҰБТ-ға кем дегенде 3 жыл дайындалды. Өтті. Физикалық және психологиялық күйзелістен өтті. Бұл процестен ата-аналар да өтті. Бәрі жақсы болар еді, бірақ неге әлеуметтік топтарды мемлекеттік қаржыландырудың жалпы қаржысынан неге бөліп қарамасқа? Балалар жылдар бойы осыған ұмтылды ғой”, – деді Тоғжан Қожалы.
Сөзінше, бұл әрекет балалардың талпынысы мен құштарлығын төмендетіп жіберді.
“Су басқан өңірлердің балаларына әкімдік бюджетінен грант бөлу керек еді. Су тасқынын тудырып, салғырттықпен отбасыларға шығын әкелсеңіздер, "Қазақстан халқына" қорынан, демеушілерден ақша табыңыздар. Қажырлы еңбегімен ел мақтанышы болуға ұмтылған жастардың сағын сындырмаңыздар!”, – деді ол.
“Саясат Нұрбек өзін көрсетіп қалғысы келді”
Журналист Гүлбану Әбенова бұл жағдайға жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбекті кінәлады.
“Байғұс балалар. Бір жылдан астам тырысып, оқыды, дайындалды. ҰБТ-дан өте жоғары балл жинады, ал нәтижесі мынадай Өйткені Саясат Нұрбек президент пен үкімет алдында өзін көрсетіп қалғысы келді Су тасқыны болған өңірлердің түлектерін ескеру қажет, бірақ гранттар оларға арам түрде, әділетсіз әдіспен бөлінсін дегенім жоқ. Министрлік жай ғана пиарға мән берді”, – деді Әбенова.
Еске салсақ, желіде түлектер ЖОО-ға түсу грантының басым көпшілігі су тасқынынан зардап шеккендерге берілгеніне қарсы шыққан еді. Олар петиция жариялауға дайын.