«Нәжіспен тамақтандырған»: Шымкентте бүлдіршіндерді қорлаған отбасыға қылмыстық іс қозғалды
Балалар омбудсмені Динара Закиева Шымкент қаласында асырап алынған балаларды азаптағаны туралы жантүршігерлік оқиғаны бөлісті, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Ол өзінің Facebook желісінде ІІМ, БП және Шымкент қаласы бойынша өңірлік уәкілдермен жұмыс кезінде біраз заңбұзушылықтың беті ашылғанын алға тартты. Атап айтқанда мұнда асырап алған балаларды зәрмен, нәжіспен тамақтандырған. Сондай-ақ үлкен баланың ақшалай жинақтарына қозы алып, оны балалардың өзіне баққызған. Қазір іс сотқа берілді.
“Бұл жағдайда балалардың денесінен көгерген жерлерді көрген мектеп мұғалімдері мен қамқоршылық органдарына көптеген сұрақтар қойылды. Оларға қатысты да қылмыстық істер қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Іс сотқа берілді. Бұл – соңғы бірнеше айда патронаттық тәрбиедегі азаптаудың 4-жағдайы”, – деп қосты Динара Закиева.
Балалар омбудсмені сонымен қатар наурыздан бастап 1 шілдеге дейін барлық патронаттық отбасыларға рейдтер басталғанын жеткізді. Айтуынша заңға өзгеріс енгізіліп, мемлекеттік органдарға, оның ішінде қорғаншылық органдарына қатысты тексерулер жүргізу бойынша түзетулер қабылданған.
Ол сонымен қатар қамқоршылық қызметіндегілердің жалақысы төмен екенін және жүктелген балалар саны көп екенін алға тартып, жалақыны 50%-ға арттыру мәселесін пысықтады.
“Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қабылданған заңды сапалы іске асыру үшін бұл – өте маңызды норма. Қорғаншылық органдары қызметкерлерінің санының нормативін бекіту, олардың санын көбейту қажет”, – деп қосты ол.