Жиіркенішті жағдай: Семейде самса сататын дүңгіршектердің бірінде тышқан толып жүр (видео)

Oinet.kz 29-02-2024 556

Семей қаласының тұрғыны әлеуметтік желіге базар маңындағы самса сататын дүңгіршектегі жантүршігерлік жағдайды жариялады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Screenshot_1.jpg

Қала тұрғыны "Жансая" базарының дәл алдында орналасқан самса сататын дүңгіршектегі жиіркенішті жағдайды телефонына түсірген. Онда самса арасында кеміргіштің емін-еркін тайраңдап жүргенін көруге болады. Видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Тұрғындардың сөзінше, ол жерді тексеріп, шара қолдануды сұраса, кейбіреуі тіптен даладан тамақтанудан бас тарту керек екенін айтады.

"Бұл деген сұмдық ғой. Менің ойымша, жабу керек шығар деп ойлаймын. Өйткені, біздің балаларымыз тамақтанады, ересектер де алып жатады. Уланып қалуы мүмкін. Мен де бұл бейнежазба туралы естідім, көрдім. Жалпы, қазір санитарлық жағдай мүлдем қадағаланбайды. Менің ойымша, мұндай кішкентай дүңгіршектерге жұмыс істеуге рұқсат бермеу керек. Өркениетке көшудің уақыты келген секілді. Жалпы жабу керек. Мен жабу үшін толықтай келісемін", - дейді қала тұрғыны Мадина.

Massaget.kz тілшісі тобы барған уақытта дүңгіршек құлыптаулы, есігі тарс жабық. Иелері сыртына "жабық" деген жазуды да іліпті. Самса жеген тышқан видеосы санитарлық қызмет өкілдерінің де назарын аударған. Семей қалалық эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары бұл тамақ сату орнының иелеріне әкімшілік хаттама толтырыпты.

"Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы жоспардан тыс тексеріс ашты. Тексеріс нәтижесі бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзушылықтары анықталып, кәсіпкерге әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, нысанның ішіндегі азық-түліктер толықтай жойылды. Тамақтану нысаны өзінің рұқсатнамасынсыз жұмыс істеу нәтижесінде екінші хаттама толтырылып, барлық құжаттар соттың құзіреттілігіне шешім қабылдауға жолданды", - деді Семей қалалық эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының м. а Шыңғыс Чокушев.

Айта кетейік, облыс орталығында барлығы 860 қоғамдық тамақтану нысаны, олардың ішінде 50-ден аса орынды қамтитын 130 мекеме бар. Өткен жылы Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жеке және заңды тұлғалардан 68-ден астам өтініш пен шағым келіп түсіпті.

Қазақстандық әйел күйеуімен бірге Англияда 6 айдың ішінде қалай 8 миллион теңге тапқанын айтып берді
1 наурыздан бастап Қазақстанда қандай өзгерістер болады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу