Дабыл қосылмағаны дұрыс болды – Тоқаев Алматыдағы жер сілкінісі туралы

Oinet.kz 25-01-2024 520

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Алматыда сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңес өтті. Жиынға президент әкімшілігі мен қауіпсіздік кеңесінің басшылығы, үкімет мүшелері, қалалар мен облыстардың әкімдері, сондай-ақ аймақтардағы төтенше жағдайлар департаменттерінің жетекшілері қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Мемлекет басшысы Алматыда өткен кеңесте Қазақстанның үштен бір бөлігінде жер сілкінісі қаупі бар екенін айтты. Сейсмологиялық станциялар соңғы 5 жылда 45 мыңнан астам дүмпу жағдайын тіркеген. Оның көбісінің магнитудасы аз.  

“Алматыдағы төтенше жағдай кезінде тиісті органдар шұғыл әрекет етуге толық дайын болған жоқ. Қала тұрғындары не істерін білмей, абдырап қалды. Дегенмен жиынның басты мақсаты – сын айту емес, нақты шешімдер қабылдау. Жұрттың көпшілігінде дабыл сөмкесі жоқ болып шықты. Тиісті оқу-үйрету шаралары мектептен, тіпті балабақшадан басталуы керек. Бұрын Алматыда осындай тәжірибе болған. Соны қайта жаңғырту қажет. Себебі қазір азаматтарды төтенше жағдайға дайындау жүйесі талапқа сай емес. Құзырлы органдар халыққа жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізуге тиіс. Оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде тұрақты жаттығу өткізіп тұру қажет. Осыны дереу қолға алу керек”, – деді президент. 

Тоқаев инфрақұрылымдардың халықты эвакуациялауға дайындығына және құлақтандыру жүйесіне қатысты мәселеге ерекше назар аударды.

“Дабыл қосылмағаны дұрыс болды. Әйтпесе дүрбелең туындайтын еді. Бірақ халықты басқа байланыс арналары арқылы хабардар ету қажет еді. Қатты жер сілкінгенде адамдарды зілзаланың физикалық сипаттамалары мен эпицентрі туралы ақпарат қызықтырмайды. Олар табиғат апатының қаншалықты жойқын екенін онсыз да сезді. Мұндай сәтте тұрғындарды әрі қарай қалай әрекет ету жөніндегі ақпаратпен қамтамасыз ету маңызды. Олар "Үйге оралуға бола ма?", "Қайдан көмек алуға болады?" деген сауалдарға жауап алғысы келді. Сондықтан құлақтандыру жүйесін қайта қарау қажет. Техникалық құралдар ақпараттың әр адамға уақытылы жетуін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл жолы SMS-хабарламалар тым кеш келді. Сондай-ақ дүмпу кезінде байбалам салып, жалған ақпарат таратқандар болды. Жұртты әдейі дүрліктірген адамдарды заңға сәйкес жазаға тарту қажет”, – ел басшысы.

Ол төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жүйесін материалдық-техникалық тұрғыдан жарақтандыру деңгейінің төмендігін сынға алды. Айтуынша, сейсмикалық бақылауды "Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы" ЖШС-не қарасты Алматы, Шымкент қалаларындағы және 12 облыстағы 70 сейсмологиялық станция жүргізеді. Оның алтауы істен шыққан дейді.

“Мамандардың есебіне сәйкес бүкіл ел бойынша қосымша 285 сейсмологиялық станция орнату қажет. Жойқын жер сілкінісі кезінде мемлекеттік материалдық резервтің болуы және оның қолжетімділігі айрықша маңызды. Көлік байланысын жедел қалпына келтіру және медициналық көмек ұйымдастыру мүмкіндігі де шешуші рөл атқарады. Әкімдер төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, барлық елді мекеннің осыған қағаз жүзінде емес, іс жүзінде дайын екеніне көз жеткізуге тиіс”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ең төменгі сома үш мың теңге: Қазақстанда қанша азамат банкрот деп танылды
Ажырасқан Балжан Бидаш енесімен араласпай қойғанын айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу