Алматыда жаяу жүргіншілерді қаққан автобус туралы оқиға куәгерлері деректермен бөлісті
Алматы денсаулық сақтау басқармасы Райымбек даңғылында, №7 қалалық аурухананың маңында болған жан түршігерлік жол апатынан жеті адамның зардап шеккенін мәлімдеді. Оның ішінде 15 жастағы жасөспірім де бар. Оқиға куәгерлері жан түршігерлік апат туралы деректермен бөлісті. Олардың айтуынша, ер адам ақшасын дұрыс қайтармады деп жүргізушіге шүйліккен, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Жол апатының мән-жайын автобус жүргізген әйелдің әкесі айтып берді Ер адам қызының есімі Ермек екенін, оның екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырғанын жеткізді. Ермек 10 жылдан бері автобус пен троллейбус жүргізіп отбасын асыраған.
"Жолаушы қызымды ұрған. Ол есін жоғалтқан. Видеоны көрдім. Соның кесірінен автобус басқаруды жоғалтқан. Қызым қазір ауруханада жатыр. Мен оның қандай жарақат алғанын әлі білмеймін. Бізді ауруханаға кіргізбейді", - деді ер адам.
Оқиға кезінде болған тағы бір куәгер автобус жүргізушісінің басынан ер адамның не үшін ұрғанын айтып берді.
“Ер адам ақшаны дұрыс қайтармады деп басынан ұрған. Есі дұрыс адам осындай әрекет жасай ма”, – деді ол.
Куәгердің айтуынша, мұнда адамдар такси тоқтату үшін аялдама алдына жиналып қалады екен.
"Оқиға болған кезде мен арғы беткейде болдым. Жол тайғақ, тежегіш жұмыс істемеген сияқты, әйтпесе бұлай болмас еді. Адамдар айқайлап қашып жатты. Бірақ кейбіреулері мерт болды. Мен бұл жермен күнде жүремін", - деді оқиғаның куәгері.
Куәгердің айтуынша, мұндағылар Шамалған мен Ұзынағашқа бару үшін такси ұстайды. Көліктер тоқтамағандықтан жол жиегіне шығуға мәжбүр
"Бұл қауіпті аялдама. Бұрын жарық болатын, бірақ қазір жарық жоқ", - деді тағы бір куәгер.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше зардап шеккендер түрлі деңгейде дене жарақаттарын алған.
"Үшеуі жедел жәрдем келгенше қайтыс болды. Үш ересек адам жабық бассүйек-ми жарақатымен, бас миының шайқалуымен, бір науқастың сол жақ жамбас сүйегінің сынығымен №7 қалалық клиникалық ауруханаға жіберілді. Төртінші зардап шеккен 15 жастағы жасөспірім. Ол аяғын сындырып, №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасына жатқызылды", - деп хабарлады ведомстводан.
Басқарма зардап шеккендердің барлығына толық медициналық және психологиялық көмек көрсетілгенін атап өтті.