Қызылордада 61 жастағы мұғалім оқушыларға азғындық жасады деген күдікке ілінді
Қызылордада 61 жастағы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі оқушыларға азғындық жасады деген күдікке ілінді. 4-сыныпта оқитын екі оқушының ата-анасы ұстаздың үстінен арыз түсірген, деп хабарлайды OInet.kz тілшісі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтарына сілтеме жасап.
Полиция педагогты қамауға алып, тергеуді бастады. Ал облыстық білім басқармасындағылар он үш жылдық еңбек өтілі бар, зейнет жасына жақындаған мұғалімнің бұған дейін теріс әрекетін байқамадық дейді.
Оқушыларға азғындық жасады деп күдікке ілінген мұғалім 13 жылдан бері дене шынықтыру пәнінен сабақ беріп келген. Облыстық білім басқармасындағылардың айтуынша күдікті полицейлерге берген түсініктемесінде азғындық әрекетке бармағанын жеткізген. Мектепте кешелі бері тексеріс жүргізіліп жатыр. Тергеушілердің оқу орнына келгіштеуіне алғашында ұстаздар мән бермеген. Кейін әріптестеріміздің қамауға алынғанын естідік дейді. Мектеп ұжымы да, білім басқармасының басшысы да ұсталған педагогқа шаң жуытпады. Олар зейнет жасына жақындаған мұғалімнің бұрын-соңды теріс әрекетін байқамадық дейді.
“Мұғалімнің айтуынша ешқандай артық әрекет жасамаған деген түсініктеме берген. Алдын ала саралауында, ұжымдастарымен тілдескенде 13 жылдың ішінде мұғалімнің теріс оғаш әрекеттері болмаған. Ешқандай да бір артық мінез-құлықтары байқалмаған. Сондықтан да тергеу амалдары істің мәнін ашып береді”, – дейді Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Есжанов.
Шенеуніктер аталған білім ошағында бейнебақылау камералары жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Ал полицияға 4-сыныпта оқитын екі оқушының ата-анасынан арыз түскен екен. Олар 61 жастағы ұстаз балаларымызға сексуалдық сипатта азғындық жасады деп көрсетті дейді құзырлы орган өкілдері. Содан кейін тәртіп сақшылары қылмыстық іс қозғап, сараптама тағайындаған.