«Қолы күйіп, ісініп кеткен»: Астана дәрігерлері 2 айлық балаға зақым келтіріп, анасын қысымға алған

Oinet.kz 08-11-2023 1833

Астанада екі айлық бала ауруханада қолы күйіп, үлкен жара пайда болған. Айтуларынша, бұл реанимацияда жатқан баланың қолына катетер дұрыс қойылмағаннан болған. Енді баланың анасына аурухана қызметкерлері қысым жасап, оның шу шығармауын сұраған көрінеді. Ал ол мәселеге жауаптылардың жазалануын талап етеді. Сәбидің анасы Жұлдыз Өтепбергенова Stan.kz тілшісіне оқиғаны айтып берген, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Screenshot_2.jpg

Жұлдыз Өтепбергенова – Арқалық тұрғыны. 10 қазан күні оның екі айлық ұлының аяқ-қолы құрысып, дірілдей бастаған.  Жедел жәрдем шақырып, ауруханаға барған кезде дәрігерлер ештеңе істей алмайтынын айтқан. Содан соң жұбайы екеуі ұлдарын алып, Астанаға жолға шыққан. Осылайша №2 балалар ауруханасына жетіпті.

“Жол бойы ұлым Шахнияздың он рет талмасы ұстады. Алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін оны реанимацияға алып кетті. Содан реанимацияда үш күн болды. Қолына ине екпесін деп ескертсем де, ине салған тәрізді. Тамырын таппай, бірнеше рет салған. Содан кейін барып орталықтанған венозды катетер қойылыпты. Қолы күйген. Баламды сол кездері көруге рұқсат берген жоқ”, – деді ол.

Баланы анасына табыстайтын кезде медбике баланың сол қолындағы жараға жақпамай жағып, күн сайын таңғыш байлауға кеңес берген. 

“Сәбидің бұған дейін жарасы болмаған. Палатаға келгенімде, қолын ашып қарап, аң-таң болдым. Қолы күйіп, ісініп кеткен. Ешкім не болғанын айтпады, дәрігерлер де келген жоқ. Өте қатты қорықтым. Неврология дәрілерінен де сұрадым, жауап қатпады”, – деді ана.

Осыдан кейін Шахнияздың анасы әділдікті талап етіп, денсаулық министрлігіне арыз жазып, учаскелік полиция шақырып, шағымданған. Алайда арыз жазғаннан соң №2 аурухананың мамандары оған қысым жасай бастаған.

“19 қазанда неврология бөлімінен күйік бөлімшесіне көшіп едік, аурухана мамандары мені қыспаққа ала бастады. “Балаңды аман алып қалғанға алғыс айтудың орнына шу шығарғаның не?”, “Біз балаңның өмірін сақтап қалдық” деп тиісті, тіпті ауруханадан өз еркіммен шығуымды талап етті. Алайда мен кетпейтінімді айттым. Осы кезде маған шүйлігіп, сыртқа шығармай, түрлі талаптар айта бастады”, – дейді Арқалық тұрғыны.

Оны ашындырғаны – министрлік өкілдерінің немқұрайлы қарағаны. Себебі олар осы жағдай бойынша прокуратураға арыз жолдадық деген, алайда Жұлдыз прокуратура арқылы ешқандай арыздың жоқ екенін байқаған. Амалы таусылғандықтан, 30 қазанда прокуратураға өзі шағымданған.

Баланың анасы Шахнияздың болашағы үшін алаңдаулы. Өйткені сол қолының жарақаты өте ауыр. Ол кінәлі адамдар жазаланып, балаға зиян келтіргені үшін өтемақы талап етеді.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл жағдайға түсініктеме берді.

“Катетер дұрыс салынбай, терінің астына түскен. Оның дұрыс салынбағанын анықтаған бойда алып тастаған. Бұл жағдай бойынша талдау жүргізілді, нәтижесіне сай жауапты тұлғаларға тәртіптік сипаттағы шаралар қабылданады”, – деп мәлімдеді денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің медициналық қызметті бақылау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Арман Құдабаев.

Атылған киіктердің еті қайда сатылады?: Министр сұраққа жауап бере алмады
«Жездесі болып шықты»: Жетісу облысында оқушысын зорлаған мұғалім іздестіріліп жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу