Түркияда жол апатынан қаза тапқан журналистің балаларын атыраулық әйел асырап алды
Түркияның Аланья қаласында 3 қыркүйекте жантүршігерлік жол апаты салдарынан екі қазақстандық қаза тапқан еді. Кейінірек марқұм танымал журналист Арайлым Нұғманова мен оның екі жасар қызы екені белгілі болды. Сондай-ақ, біраз уақыттан кейін осы жол апаты салдарынан оның күйеуі де көз жұмды. Марқұмдардың балаларын атыраулық Анар Жеңісова қамқорлығына алды, - деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазылды. Онда бұрын осы бөлімді басқарған Анар Жеңісова өз еркімен жұмыстан шыққаны, оған себеп отбасына кенет түскен ауыр қайғы екені айтылады.
"Анар Жеңісқызы жұмыстан кету жағдайын отбасыларына кенеттен түскен ауыр жағдайдан кейін, өз қамқоршылығына алған, ата-анасыз қалған балалардың күтімін жасау мақсатында екенін айтты. Жақында Турция елінде жол-көлік апатынан қайтыс болған жақын туыстары марқұм Құрмашев Нұрболат пен Нұғманова Арайлымның артында қалған екі бүлдіршіннің бірі ерекше күтімді қажет ететіндіктен, қиын болса да жұмыстан шығу туралы шешімді қабылдаған Анар Жеңісқызы мемлекеттік қызметте 2010 жылдан бері абыройлы, қажырлы қызмет етіп келе жатқан болатын. Анар Жеңісқызының жұмыстан кетуін бөлім ұжымы қимастықпен қабылдап, қамқорлығына алған балалардың аман-есен, ертерек ер жетіп кетуіне тілектестіктерін білдірді", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық журналист Түркияда екі жасар қызымен бірге жол апатынан қаза тапқаны хабарланған еді. Кейін журналистің күйеуі де қайтыс болды.