NIS-те шахмат ойынынан желілік олимпиада аяқталды
NIS-тің желілік шахмат олимпиадасы Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп үшін тәжірибеге толы аяқталды. Сайыстың алғашқы күні түрлі сәтсіздіктер болғанымен, қатысушылардың сағы сынбай үш күндік додада керемет ойын көрсетті.
Қызжібек Мамбетәлі үздік шахматшылардың бірі. Бұған дейінгі интелектуалды жарыстарда III және II орын иеленіп жүрген сайыскердің ойын тақтасында техникалық ақаулар болмағанда жеңіс тұғырынан көрінуі әбден мүмкін еді. Көрсеткен 8 ойынның 7-еуінде басым шыққан ол, шахматтан өзін тапқанын жеткізді.
– Мені шахмат сабақтарына анам 1-сынып оқып жүргенімде еркімнен тыс қатыстырған. Дегенмен өсе келе мен өзімді дәл осы шахматтан таптым. Бұл ойын түрімен 8 жылдай айналысып келем. Ойын барысында түрлі комбинациялар арқылы қарсыласты таңқалдыратын айла түрлерін ойлап тапқан ұнайды, – деді Қызжібек Мамбетәлі.
Ал оқушылар арасында түрлі әуендерді пианинода ойнап танылған 12 сынып оқушысы Данияр Керімқұл өзін шахмат сайысында бірінші рет сынап көрді. Алғашқы күні бойында қорқыныш болғанын айтқан ол, бірінші қарсыласты жеңгеннен кейін сенімі арта бастаған. Данияр шахматты ешқандай жетекшісіз өз күшімен үйренген және барлық қатысушылар арасында үздік бестікке кірді.
– Пианинода өзіңнің ішкі күйіңді қозғай отырып ойнайсың. Ал шахматта қарсылас бар болғандықтан барлық зейінің тек тақтада болу керек. Егер сайыс пионино ойнаудан болса сөзсіз жеңіске жетер едім. Дегенмен жеңіліс үшін қатты қынжылмаймын, – деді Данияр Керімқұл.
Желілік ойынға жалпы саны 8 оқушы қатысты. Олардың барлығы келесі ойынға дайындықты күшейтетіндерін жеткізді.