Еуразия бірінші арнасына 25 жыл!
Журналистика – жол үстіндегі әдебиет, - дейді Оралхан Бөкей. «Әдебиеттің» бұл түрінің дамуына үлес қосып жүрген «Еуразия бірнші арнасы» екінші мүшелін еңсерді. Осыдан тура 25 жыл бұрын елдегі ең белді арна алғаш рет көгілдір экранның ар жағындағы көрерменімен қауышты. Кәсіби мамандар бас қосқан ұжым ширек ғасыр бойы жұртшылық сұранысын қанағаттандырар контент ұсынып келеді. Содан да болар, көрерменінің көптігі жағынан өзгелерге дес бермей жүр.
Әр арнаның жүрегі – күнделікті шығатын жаңалықтары екені айқын. Бұл ретте «Басты жаңалықтар» мен «Главные новости» журналистері әркез көмекке зәру жандардың жанынан табылып, мұң-мұқтажын мінбердегілерге жеткізуде талмай еңбек етіп келеді. Елді елең еткізген оқиғалардың ортасынан табыла білетін кәсіби тілшілер үнемі ақпаратты түсінікті әрі қызықты берудің тың әдіс-тәсілдерін енгізуден жалыққан емес. Қызметкерлеріміз өз өміріне қауіп төнсе де, журналистік міндетін мінсіз, адал атақарып келеді.
Бәсекелестік жағдайында әркез сапалы контент ұтатыны белгілі. Сондықтан арнада шыққан бағдарламалар түрлі шығармашылық сайыстарда бас жүлделерді еншілеп жүр. Медиасыншылар мойындаған жобалар да баршылық. Бұл арна ұжымын алда да сапалы бағдарламаларды шығаруға ынталандырады. Эфирде жарық көрген «Сенбілік жаңалықтар», «Басты бағдарлама» мен «Аналитика» бағдарламаларының орнына «Айна» және «Грани» сынды ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар ашылып, әркез көрерменге қажетті мәліметтерді сараптап жеткізуге тырысуда.
Эфирдің көп бөлігін әлеуметтік бағыттағы жобалар да толтырады. Олардың ішінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленген «Пендеміз ғой», «Біздің ел» және т. б. телевизиялық өнімдерін атап өтуге болады. Ал қазір бұл бағытты «QosLike», «Koremiz» ток-шоуы, «Qаймақ» бағдарламалары ойдағыдай жалғастырып келеді.
Көрерменнің көңілін көтеруге арналған жобалар да арна эфирінен үздіксіз беріліп жүр. Бұл ретте «Добрый вечер, Казахстан!» шоуы, осымен 9-шы маусымы басталған «Х-Фактор» жобасын ерекше атап өтуге болады.
Көріп, естіп көкейге түйем деген жан «Еуразия бірінші арнасынан» қалағанын табады деп толық сеніммен айтуға болады. Соңғы кездері теледидар мен әлеуметтік желі арасындағы симбиоз туралы көп айтылып келеді. Бұл үрдістен «Еуразия бірінші арнасы» да кенде емес. Әлеуметтік желідегі көрермендердің қолдауы арқасында арна YouTube платформасының екі бірдей алтын батырмасына ие болды.
Мұны арна ұжымы жетістіктердің бастауы ғана деп біледі. Демек, алдағы уақытта да көрермендерді қажетті, өзекті, ең бастысы сапалы контентпен қамтамасыз ету жолында еңбек етуді жалғастыра бермек. Бұл ретте ширек ғасыр уақыт бірге болған, қолдаған көрермендерге алғыс айтуды парыз деп санаймыз!