Полицейлер жол-көлік оқиғасын жасаған мас жүргізушіні жауапқа тартты
Арыс АПБ-нің полиция қызметкерлері мас күйде көлік жүргізіп, жол-көлік оқиғасының кезекті жайтын анықтады. Яғни, "Opel Vectra" автокөлігі қарсы жолаққа шығып, "Ваз-21014" автокөлігімен соқтығысқан. Жол апатынан зардап шеккендер жоқ, алайда көліктерге материалдық шығын келген.
Тексеру кезінде тәртіп сақшылары "Опель Вектра" жүргізушісі көлікті мас күйінде басқарғанын анықтады. Тәртіп бұзушы медициналық куәландыруға жеткізілді, ол мас болудың орташа дәрежесін көрсетті. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 346-бабы "Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе осындай адамның көлік құралын басқаруға жіберілуі" бойынша тіркелді.
Себебі полицейлердің анықтауынша, жүргізуші бұдан алдында ішімдік ішіп, көлік тізгіндегені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен "Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі жүргізушінің көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын жүргізуді алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамға беруі" жауапқа тартылған. Сол уақытта сот жол қауіпсіздік ережесін бұзғаны үшін жергілікті тұрғынды 5 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырған. Десекте өз қателігінен қорытынды шығармаған жүргізуші, қайта мас күйде көлік басқарған. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жолаушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Түркістан Облысы ПД баспасөз қызметі