«Ауыл аманаты» партиялық жобасымен арнайы топ Түркістанға келді

Oinet.kz 11-08-2022 821

Screenshot_1.jpg

Ауылдық округ тұрғындарын жұмыспен қамту және еңбек табысын арттыру мақсатында «AMANAT» партиясы жуырда жаңа жобаны іске қосты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкімет пен партияның бірлескен «Ауыл аманаты» жобасы «2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру бағдарламасы» аясында жүзеге асырылады. Жаңа жобаның мақсаты – ауыл тұрғындарын агробизнеске тарту, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, елді мекендердің экономикалық әлеуетін арттыру және мамандануына сеп болу, жалпы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.     

Жоба туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары 28 шілдеде бастау алды. Республиканың 7 облысын аралаған мобильді топ 116 ауылдық округті аралап үлгерді. Бүгін Түркістан облысында бастау алған «Ауыл аманаты» жобасы 11-19 тамыз аралығында өтеді. Жалпы 32 ауыл және ауылдық округ тұрғындарымен кездесулер жоспарлануда. Азаматтарға насихат жұмыстарын білікті бизнес-тренерлер жүргізеді. Сондай-ақ облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қ.Жантөреева да қатысты. 

Түркістан өңіріндегі ақпараттық марафон Сауран ауданында басталды. Бүгін Майдантал және Шорнақ ауылдарының тұрғындары жобаның мүмкіндіктері және ерекшеліктерімен танысты.

- Бағдарлама келер жылы іске асады. Оған дейін біз халықты ақпараттандырып жүрміз. Жобаның өзгешелігі - жай ғана несие алып қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандар қалыптасады. Табысты қалай арттыруға болады деген сұрақ жиі қойылады. Жоба аясында өздері өндіріп жатқан өнімдерді сауда орындарына дейін жеткізуге қолдау көрсетіледі. Яғни өткізу және сату барысында мәселе туындамайды , - деді жоба сарапшысы Жандос Әзімбаев. 

Ауыл халқы үшін жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несиеге қол жеткізу жолдарын білу өте маңызды. Өйткені өз кәсібін бастағысы келетін азаматтар қалаға сабылмай, жоба аясында табысын арттырып, өз туған жерін көркейтуге үлес қоса алады.

Жергілікті тұрғындар кездесулер барысында ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу, кооперативтер мен бизнес-жоспар құрудың оңтайлы тәсілдеріне қанық болады. Осылайша жоба аясында жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықтималы басым екенін атап өткен жөн. Өйткені, жоба шаруалар мен кәсіпкерлердің жұмысын жетілдіруге септігін тигізеді. Кездесу барысында азаматтар өз ұсыныстарын жеткізді.

- Өзім егістікпен айналысамын. 20 мың гектар жерім бар. Партияның таныстырған жобасын қолдаймын. Халықтың дамуы үшін ыңғайлы. Алайда, ауылдық жерлерде шаруа қожалықтары көп құрылған. Олар 6%-дық несиеге қол жеткізе бермейді. Жобаға шаруа қожалықтары қатыса алмайды екен. Сол себепті ұсынысым шаруа қожалықтарын да  енгізсе тиімді болар еді, - дейді Шорнақ ауылының тұрғыны Сералы Қойлыбаев.

Бүгін жоба жайлы Кентау қаласының халқына да насихат жұмыстары жүргізіледі. Еске салсақ, шілде айында «Ауыл аманаты» партиялық жобасы аясында Түркістан облысының 181 ауылдық округ әкімдері семинар-кеңеске қатысты. Олар 3 күндік дәрісте ауыл скринингі мен маркетингтік талдау жүргізу, елді мекен экономикасын дамыту, сондай-ақ бизнес-жобаларды іске асырудың практикалық дағдыларын меңгерді.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызмет

Алманың ерекше сұрыптары өсіріледі
Түркістан облысының полицейлері жер алып беремін деп алаяқтық жасаған ер адамды ұстады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу