Елімізде құрсағын 3 млнға жалға беріп, бала тууды кәсіп қылған әйелдер саны көбейген
"Құрсақ ана" қызметі кәсіп көзіне айналғанын айтып, сарапшылар дабыл қақты. Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.
Телеарнаның мәліметінше, жатырын жалға беретіндердің дені - 18-27 жас аралығындағы қыз-келіншектер. Суррогат ана боламын дегендер өздерін толық сипаттап, телефон нөмерлерін қалдырған. Телеарна тілшілері солардың біріне хабарласып көрген. "Гонорарым 3 миллион. Негізі, басында көтерген кезде 1,5 миллион теңге береді. Туғаннан кейін 1,5 миллион береді. Барлығы келісімшарт бойынша өтеді. Ай сайын 100 мың теңгеден беріп тұрады", - дейді суррогат аналардың бірі.
Желіде суррогат ана болғысы келетіндер ғана емес, оның қызметіне жүгінушілер де көп. "Болашақ" суррогат ана орталығының директоры елімізде бөтен әйелдің көмегімен бала сүйгісі келетіндер аз емес екенін айтады. Бірақ олардың саны туралы нақты есеп жоқ. Тек кейбір дереккөздерде суррогат аналардың көмегімен жылына шамамен 100-200 отбасы сәбилі болатыны айтылады. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша былтыр 30 шақты отбасы нәресте сүйген.
"Жүктілікті қоса есептегенде, жүзден аса суррогат ана бар. Аналық жасушаның донры ретінде 300 адам кезекте тұр. Суррогат ата боламын деген қыздар көп, бірақ өтетін адамдар өте аз", - дейді "Болашақ" суррогат ана орталығының директоры Нүрия Уайысова.
Жатырды "жалға" алу мен берудің тәртібі "Неке және отбасы туралы" Кодекстің тоғызыншы тарауында көрсетілген. Онда суррогат ананың жасы мен денсаулығы туралы нақты мәлімттер берілген. Заңгердің айтуынша, "жалдамалы" ана мен тапсырыс беруші азаматтың арасындағы келісімшарт осы заңнамаға сәйкес жасалады.