Пилоттық жоба іске қосылды
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бастамасымен Түркістан, Павлодар және Қостанай облыстарында мемлекеттік қызметтерді көрсету және азаматтардың өтініштері бойынша жұмыстың бірыңғай стандарты қолданыла бастады. Пилоттық жоба мақсаты – «азаматтардың өтініштерін қабылдау – өтініш берушілер мәселелері бойынша кеңес беру – мемлекеттік қызметтерді көрсетуді» бір сайтқа біріктіру.
«eNatizhe» орталығының пилоттық жобасын жүзеге асыруы «eБір терезе»қағидаты бойынша облыстың әрбір тұрғынына мемлекеттік қызмет көрсетуге, өтінішті тіркеуге, қызықтыратын мәселелер бойынша мамандардан кеңес алуға, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың басшыларымен кездесуге жазылуға мүмкіндік береді.
«Еститін мемлекет» тұжырымдамасы аясында пилоттық жоба азаматтарды мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл процесіне кедергісіз тартуға және мемлекет азаматтардың қажеттіліктерін анықтауға мүмкіндік береді. «Пилоттық сынақтан өткеннен кейін жоба бүкіл елге таралады», - деп түсіндірді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Түркістан облысының тұрғындары мен қонақтары қызмет алу үшін келесі мекенжайлар бойынша хабарласа алады:
1. «Оpen әкімшілік», Түркістан қ, Ғ.Мүсірепов көшесі 17, жұмыс уақыты: 9.00-19.00, түскі ас: 13.00-15.00
2. Мемлекеттік корпорацияның Халыққа қызмет көрсету бөлімі. Отырар ауданы, Шәуілдір ауылы, Жібек жолы көшесі 26, жұмыс уақыты: 9.00-19.00
Пилоттық жоба қажетсіз кедергілерді жойып, халыққа қызмет көрсету үдерісін жайлы әрі тиімді етеді.