Көзмоншақтың қасиеті...

Oinet.kz 24-05-2022 1046

Жеті күннен бері толғағы піспей жатқан келіншегінің ыңырсыған даусын естіген сайын Құдірет өзін қоярға жер таппады. Жастайынан жетім өскен жалғыз баланың ес білгелі армандағаны бала сүю болатын. Жастайынан жетім қалып, жанашыр адам таппай қор балғанда ол: «Осыдан әйел алайын, он бала туғызамын», – дейтін.

Screenshot_6.jpg

Толғақтың қысуынан әлі кеткен Сұлушаш талықсып жатыр. Тіпті толғақтың түйіліп келе жатқан сәтінде ыңырсуға күші жетпей барады. Абысындары оның қолтығынан көтеріп, ішін уқалап толғағын жеңілдетпек боп, шуылдап жүргенде бөлмеге ентігіп Сәлиманың тұңғыш немересі кіріп: «Әже, апам босанайын деп жатыр, тезірек жүріңіз», – деді. Сәлима бір күрсінді де есікке қарай беттеді. Сәлиманың сырын жақсы білетін абысыны Бибіайша:

«Келін бірінші рет туғалы жатқан жоқ. Тұңғышын толғатпай туған келініңді осында әкел, мына жас келінге жол бастасын. Мүмкін сенің шыр етіп дүниеге келген немереңнің даусынан кейін Сұлушаш есін жиып, қайта күш жияр. Өлім мен өмірдің арасында жатқан қаршадай келіннің жағдайын ойламай қалайша кетіп барасың?» – деп Сәлиманың сүйегін сырқыратып жіберді. Аузынан түкірігі шашырап ешкімге сөз бермейтін Сәлима ауылдың үлкен апасы саналатын Бибіайшадан әжептеуір аяқ тартатын. Жартасқа соғылған тасқындай боп, Сәлиманың ашуы бұрқ ете қалса да, амалсыздан келінін әкелуге үйіне кетті.

Құлаққа жағымсыз ащы даусымен айқайлап келе жатқан келіні Зәуре бесіншісін босанып алды. Сәлима келінін қазір көргендей асты-үстіне түсіп, қалың көрпеге орап жатыр. Зәуреден төгілген қанның үстіне отыра қалып, Бибіайша тілін кәлимаға келтіріп, дұға оқи бастады. Осы сәтте Бибіайшаның бойын белгісіз бір тылсым күш билеп, кемпір талып қалды. Сәлиманың жүрегі ұшып, Бибіайшаны дереу сыртқа шығарды да, өзі іште қалды. Толғағы қайта басталған Сұлушашқа қарап: «Осы бәленің тегін адам емес екенін о баста байқаған едім, бұтын жарып бір бала шыққанша, бәрімізді о дүниеге аттандырып жібермес пе екен?» – деп амалсыздан тілін кәлимаға келтірген. Осы кезде Сұлушаштың жандаусы шығып, күшене түсті. Жарық дүниеге шекесі торсықтай ұл бала келді. Сұлушаш шыр еткен баланың үнін естігенде, қуаныштан өзі де талып қалды. Сәлима екі жерде белгісіз бір себептермен есінен танып жатқан кемпір мен жас қыздың екі ортасында не істерін білмей тұрып қалды. Балаға да жақындауға үрейленіп тұр. Шарананы жаңа жарып шыққан баланы орамақ болып, терезеде ілініп тұрған пердені жұлып алып, қасына «бисмиллә» деп жақындады. Ол баланы орап жатып, Сәлиманың жүрегі зу ете қалды. Сөйтті де ол:

«Алла! Мына бала қолына жылан орап шыққан ба?» – деп біразға дейін жанына жақындай алмады. Әйтсе де, ішін тесіп бара жатқан қызығушылығы басым болып, балаға жақындап барды да, қолына үңіліп қарады да: «Мынау көзмоншақ қой», – деді. Осы кезде сырт жақтан:

«Апа, не болды? Бір жеріңіз ауырып тұр ма?» – деген келіндерінің даусы естілді. Бибіайшаның есін жиғанын бі¬ліп қойған Сәлима ойланбастан қорғансыз жатқан баланың қолындағы көзмоншақты жұлып алды да, екі адым жоғарыда жатқан өз немересінің қолына сұға салды. Осы кезде барып, Сұлушаш көзін сығырайтып ашты. Бағанадан бері Құдайға жалынып отырған Құдірет баласының шыр еткен үні шыққанда ішке кіргісі келген. Алайда, ол жерде тағы да бөтен әйелдің жатқанын біліп, сабыр сақтады. Арамдығынан айла артылмайтын Сәлима зар илеп:

«Құдай ұрды! Мына жатқан бала емес, бәле. О, жұртым жиналыңдар! Мына масқараны қалай көтеремін?» – деді.

Түкке түсінбеген көрші-қолаң Сәлиманың айналасына жиналды. Бибіайша кемпір:

– Тіліңді тарт, албасты! Аллаға шүкірет! Бұл баланың бойында ерекше қасиеті бар, – деді.

Бұл жаңалық көп елді дүрліктірді. Құдірет пен Сұлушаш балалы болғандарына қуанды. Сөйтіп кішігірім той жасады.

Ал Сәлиманың немересіне жан-жақтан көмек сұрап келушілердің саны көбейе берді. Қорасына мал жинала берген Сәлима мастана бастады. Байғұс баланы ақ киімге орап, таңнан кешке дейін үйде отырғызып ұстады. Бірақ бала Сәлиманың кесірінен тілсіз туылды. Баланы қыспаққа алып, мәнісін түсінбейтін нәрселерді сұрап, ақырында есінен адастырып жіберді. Көпшілік немересінің арқасында Сәлиманы алтынмен аптап, күміспен қаптап қойған болатын. Алайда көп ұзамай жұрт Сәлиманы жан-жағынан жұлмалап, жанын жеп, тақырға отырғызды. Қорланған көпшілік: «Балаңды соямыз» деп қорқытты. Арқа еті арша, борбай еті борша болған Сәлиманың мына халін көрген Бибіайша көпшіліктің назарын өзіне аударып:

«Оу, ойдан-қырдан жиналған жамағат! Ақ-қараны ажыратып жатпай алдағанға көніп жүре бересіңдер. Сендердің іздеп жүрген адамдарың бұл жерде емес, ол бала мына сайдың жиегінде тұрады, – деп Құдіреттің үйін көрсетті. – Толғақ үстінде жатқан Сұлушаштың жанында отырған маған Құдай аян берген. Сол кезде мен талып қалып, сосын есімді жинадым. Кейін екі нәрестеге де қарап едім, әулие болады деген баламыз, Сәлиманың қолында екен. Біліп тұрсамда, Құдай өзі көрсетер деп, батамды бергеннен басқа ештеме істемедім. Міне, Сәлиманы Құдай ұрған күн де келіп жетті. Бұл оқиғадан Сәлима ғана емес, бейкүнә сәби де зардап шекті. Бөтен баланың қолындағы көзмоншақты қалай жұлып алса, Алла оның немересінің тілін де солай жұлып алды. Ал сендер, адасып, бар дүниелеріңді шаштыңдар. Бір адамның опасыздығы бір ауылды жарға жықты.

Енді сендер Құдіреттің үйіне барыңдар. Оған сендердің малдарың керек емес. Оның мақсаты – Алланың амана-тын адал атқару», – деп сөзін аяқтады. -

Сәлима есін енді жинап, Құдайдан шын қорқып, немересінің қолындағы көз-моншақты алып, Құдіреттің ұлы Мыңжасарға берді. Осы күннен бастап, Мыңжасар жұртқа көмектесе берді.

«Аққа – құдай жақ» деген сөз осы да. Қай жерде жүрсек те адал болайық, ағайын!

Жұлдыз ТӘУЕКЕЛ

alashainasy.kz

Күйеуімді жек көріп кеттім
Қуандық Рахым әке атанды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу