Түркістан облысында 13560 адам қайтыс болды
2022 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша Түркістан облысы тұрғындарының саны 2 млн 75 мың 404 адамды құрады. Оның 433 мың 780-і (20,9%) қалалық жерде, 1 млн 641 мың 624-і (79,1%) ауылдық жерде тұрады.
Облыс туу мен табиғи өсімі көрсеткіштері бойынша елімізде көш бастап тұр. Бұл туралы брифингте Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Бағлан Қарғұлов мәлімдеді.
– Өткен жылы 13 мың 897 неке тіркелді, бұл 2020 жылдың тиісті кезеңмен салыстырғанда 3,2 пайызға көп. Тіркелген ажырасулар саны 2020 жылмен салыстырғанда былтыр 36,6 пайызға азайды. 2021 жылы облыста 65 мың 267 бала дүниеге келсе, қайтыс болғандар саны 13 мың 560 адамды құрады, – деді Бағлан Абайбекұлы.
Ал, өткен жылы облысқа 26 мың 822 адам көшіп келген. Оның 26 мың 285-і Қазақстанның басқа облыстарынан қоныс аударса, 516-сы ынтымақтастық елдерінен, 21-і алыс шет елдерден келгендер.