Сәуле Әбілдаханқызы: «30 жылға 30 қастандық»
Белгілі журналист Сәуле Әбілдаханқызы 30 жыл ішінде Қазақстанның ешқандай жетістігі жоқ екенін тізіп айтып берді. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды.
- 30 жылдаға ұсақ-түйек "жетістіктеріңді" айтыңдар, жарайды делік. (Керемет жетістіктерің жоқ, оны өздерің де, халық та біледі...)
"30 жылда мынадай үлкен қателіктер жібердік, бұл бізге болашақта сабақ болуы тиіс..." деп мойындасаңдар, сол әлдеқайда артық болар еді-ау... бірақ оған дөтендерің мен өтірік кеуделерің шыдамайды ғой...
30 жылда сендер жасаған кешірілмес қателер:
1. Бүкіл жерасты/жерүсті байлықты шетелге шикізат қып сатуды ғана білдіңдер!
2. Барлық саланы ОПГ айналдырып, жемқор да қылмыскер жүйені құрдыңдар!
3. Жерді шетелдіктерге саттыңдар! Урбанизация деп, ауылдарды жоқ қылдыңдар!
4. Жекешелендіруді өздерің үшін жасадыңдар, прихватизациялау жүйесін құрдыңдар, сол арқылы бүкіл жерасты/жерүсті байлықты да, жерді де, тауды да, тасты да, өзен-көлді де, зауыт-фабриканы да, үйлер мен ғимараттарды да өздерің бөліп алдыңдар. Ал бір үйін жекешелендіре алмай, саусағын сорып қалған халық қаншама!.
5. Жұмыссыздықты ұлғайттыңдар!
6. Жастар саясаты, ұлттық идеология, демография нөл болды!
7. "Банктерді сауықтырамыз" деп жылда өз банктеріңе қазынадан триллиондап қаржы бөліп, қалталарыңа бастыңдар! Сол қаржы халықтың осал топтарының несиесін жабуы тиіс еді. Сонда банктің де есебі түгел болар еді, "сауығар" еді, халықтың да мойнындағы қамыты жеңілдер еді! Сендердің жекеменшік банктерің қазынаны бір сорып, халықты екі сорып, мемлекетті де сорлатты, халықты да қаңғытты!
8. ЭКСПО, ЛРТ, түкке алғысыз форумдар мен жиындарға миллиардтарды шаштыңдар!!!
9. Теңгені құнсыздандырдыңдар!
10. Бағаны реттей алмадыңдар, девальвацияны жыл сайын бетімен жібердіңдер!
11. Экономикалық даму деген - шикізат сату емес, өнім өндіру екенін ұқпадыңдар!
12. Өндірілген сапалы өніммен алдымен өз халқыңды қамтамасыз етіп, тек халқыңнан артылғанын шетелге экспорттауды ойламадыңдар! Азын-аулақ сапалы өнім болса, оны тек экспорт үшін өндіріп, ал халыққа 2-3 сортты сапасыз өнімді қымбат бағамен саттыңдар!
13. Егін егерде, жиын-терін маусымында диқандарды әдейі жанармай-жағармайдан қыстыңдар. Қолдан дефицит ұйымдастырдыңдар!
14. "Алдымен экономика, сосын саясат" деп, экономиканы саудагерлікпен, өзге елге тәуелділікті - саясатпен шатастырдыңдар!
15. Халықтың сөзін сөйлегендерді жау көрдіңдер де, өлтірдіңдер!
16. Алтынбек Сәрсенбаевтың, Заманбек Нұрқаділовтің өлімі - сендердің ең үлкен саяси қателіктерің!
17. Дулат Ағаділдің, оның өрімдей баласының өлімі, Арон Атабектің өлімі - сендердің саяси қателіктерің!
18. Қоғамдық белсенділерді жаппай қудалау, түрмеге жабу - сендердің саяси қателіктерің!
19. Жаңаөзен - сендердің саяси қателіктерің!
20. Барлық сайлаудағы фальсификация - сендердің саяси қателіктерің, әлсіздіктерің!
21. Әлеуметтік осал топтардың несібесін ұрлап жеп, оларды 30 мың жәрдемақыға байлап қою - сендердің саяси-әлеуметтік қателіктерің!
22. Көпбалалы аналарға "екі сиыр ал да күніңді көр" деу - сендердің біліксіздіктерің!
23. Демографиялық ахуалды көтеруге құлықсыздықтарың - саяси қателіктерің!
24. Көпбалалы отбасыларды, жас отбасыларды, әлеуметтік осал топтарды тегін баспанамен қамтамасыз ете алмағандарың - сендердің қателіктерің!
25. Элиталық үйлерді қаптатып, байларға 10-100 үй алуына мүмкіндік жасап, кедейлердің баспанасыз босып жүруі - сендердің қателіктерің!
26. Небәрі 18 млн халықты жұмыспен қамтамасыз ете алмау - сендердің қателіктерің!
27. Білім саласының құлдырап, білімсіздер мен сауатсыздардың, біліксіз кадрлардың көбеюі - сендердің қателіктерің!
28. 1 сынып оқушысының сөмкесінің салмағы 7-10 кг болуы - сендердің болашаққа қастандықтарың!
29. Жастардың бағыт-бағдарсыз, идеясыз, мемлекетшілдік, отансүйгіштік, ұлтсүйгіштік сезімсіз (рухани құндылықсыз, ұлтшылдық, мемлекетшілдік тұрғыда арман-мақсатсыз) сансырап қалуы, білімділердің шет елдерге көшуі - сендердің қателіктерің!
30. Бір ғана "ресми тіл" деген заңдарыңмен мемлекеттік тілді - қазақ тілін өлтірдіңдер! Сол арқылы қазақтың рухын өлтірдіңдер! Қазақтың жанын деформацияға ұшыраттыңдар! Бұл сендердің кешірілмейтін ең үлкен қателіктерің!
* Осымен тоқтайын. Әйтпесе 30 жылдықта жасаған қателіктерің, қастандықтарың 30-дан көп, тіпті 100-ден асып кетеді екен... Ал сендер бір-бір қатырма қағаз бен сувенир беріп алдағандарына, алданғандарыңа мәзсіңдер... - деп жазды ол.