Жарқын болашақтың Нұрлы бастауы» атты көрменің ашылуы өтті
ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні және Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Жарқын болашақтың Нұрлы бастауы» атты көрменің ашылуы өтті.
Мақсаты – Ұлт көшбасшысы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қызметі және өмір жолымен байланысты шынайы оқиғаларға негізделген көркемдік және деректік мәні бойынша бірегей жәдігер болып табылатын туындыны көрермен назарына ұсыну.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп, Динар Нөкетаева, Айгүл Қапбарова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Майя Бекбаева, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ашылу салтанатында ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы бірегей туындының көркемдігін атап өтті.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Жарқын болашақтың Нұрлы бастауы» атты көрменің ашылу салтанатына қош келдіңіздер! Атақты суретші Николай Яковлевич Третьяковтың 1960 жылы салынған «В начале Большого пути» картинасы бүгінгі көрменің басты туындысы болып отыр. Баршамызға мәлім, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Теміртау қаласындағы металлургиялық комбинаттың комсомол белсендісі болып жүрген кезінде Алматы облысы Шамалған ауылындағы отбасы мүшелерімен және жерлестерімен кездесуі, еңбекте және қоғамдық істерде жеткен жетістіктерін бар ынталарымен тыңдап отырған сәті осы туындыға арқау болған», - деді А. Мұхамедиұлы.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп көрменің маңыздылығына тоқталса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы көрермен назарына ұсынылған туындының ерекшелігін жеткізді.
Тарихи шығарманың сюжеті №8 Кәсіби-техникалық училищенің түлегі Н. Назарбаевтың 1960 жылы Алматы облысы Шамалған ауылындағы отбасы мүшелерімен және жерлестерімен кездесу сәтіне құрылған. Кездесуге болашақ Президенттің қол жеткізген жетістіктері туралы баяндалған арнайы мақаланың «Дзержинецъ» газетінде жарық көруі себеп болды.
Аталған картинаның ерекшелігі ауылдастардың қуанышқа толы басқосуын бейнелеген суретшінің басты рөлдегі жас жігіттің келбеті мен мінезінен көрнекті қоғам қайраткеріне тән болмысын байқауында. Кейін бұл тарихи тұлғаның мол ерік-жігері мен кемеңгерлік қасиеттерінің арқасында Қазақстан әлемдік қауымдастыққа танылып, әрі оның тең құқылы мүшесі атанып, тәуелсіз демократиялық мемлекетке айналды.
Туындының авторы – танымал қазақстандық және кеңестік суретші, графика шебері, кескіндемеші, монументалист Н. Третьяков (1926-1989). Ол 1947 жылы А. Черкасский, П. Зальцман, А. Бортников және Л. Леонтьев секілді белгілі қылқалам шеберлерінің жетекшілігімен Н. Гоголь атындағы Алматы театр-көркемсурет училищесінде оқуын бастады. 1952 жылы училищені үздік бітіріп, И.Е. Репин атындағы Ленинградтың кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтында көркемдік білімін жалғастыруға жолдама алды. 1958 жылдан бастап КСРО Суретшілер одағының мүшесі ретінде сан мәрте Мәскеуде өткен Қазақстан өнерінің онкүндігіне қатысты. Сондай-ақ, РКФСР монументалды көркемдік кеңесінің мүшесі болды.
Н. Третьяковтың «В начале Большого пути» атты туындысы ұстаздары А. Черкасский мен Л. Леонтьевтің бейнелеу стилінің ықпалын көрсететін «импрессионистік» сипатта жазылған.
ҚР Ұлттық музейінде өткен бұл көрмеге Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың фотоқұжаттары да қойылды. Көркемдік және деректік мәні бойынша бірегей жәдігер болып табылатын туынды көрермен көңілінен шықты.