Музейге 50-ге жуық құнды мұралар табысталды
Бүгін "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде дәстүрлі "Музейге сый" акциясы өтті.
Тарихы атақты Әмір Темірден бастау алатын акцияға 50-ге жуық құнды мұралар тапсырылды. Олардың қатарында халық арасында сақталған құнды қолжазбалар мен көне баспалар және қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан зергерлік әшекейлер, тұрмыстық бұйымдар бар.
-"Музейлерде жинақталған жәдігерлер қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан төл медениетінің материалдық және рухани өмірде жеткен жетістіктерінің жемісі. Өйткені кез-келген халықтың рухани болмысы оның материалдық дүниелерінде көрініс беріп отыратыны белгілі. Музейге қабылданған әрбір затты мемлекет қарауына алынған күннен бастап оны болашақ ұрпаққа жеткізу сынды жауапкершілік пен қатар музей қорын толықтырып отыру да музей қызметкерлерінің негізгі міндеттерінің бірі.
"Әзірет Сұлтан" қорық — музейіндегі қорды толықтыру мақсатында өткізілетін «Музейге сый» акциясында жәдігерлер екі бағытта қабылданады. Құнды дүниелер негізгі қор есебіне қабылданса, экспозиция және көрме құруға көмекші құрал ретінде пайдаланатын жәдігерлер ғылыми көмекші қорға тіркеледі.
Қазіргі күні 25560 дана жәдігер мемлекеттік тіркеуге алынса, оның ішінде сыйға берілген жәдігерлер саны - 1895 дананы құрайды. Бүгінгі шараға да атсалысу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен музей жанашырлары хабарласып, мұраларды тапсыруға ниет білдірді. Акция барысында көптеген құнды дүниелер келіп түсуде. Тарихи материалдарды музейге өткізіп жатқан барша азаматтарға алғыс білдіремін,-деді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков.
"Музейге сый" акциясы барысында Түркістан қаласының тұрғыны Алиакбар Артықұлы Жалилов ұстаздары мен ата-бабаларынан мұраға қалған 26 тарихи кітап табыстады. Олардың қатарында Құран кәрімнің тәфсирі (түсіндірмесі), Пайғамбарлар өміріне қатысты «пайғамбарлар қиссасы», Мұхаммед (с.а.у) пайғамбарымыздың хадистері, түркі халқына ортақ ұлы ақын, ойшыл Әлішер Науаидің «Науаи» атты еңбегі, «Далаил Хайрият» (жақсылық дәлелдері), «Бустан ул шариат» (шариғаттың бағы), фикһ (шариғат) кітаптар мен «Ғиясул луғат» (арабша-парсыша сөздік), араб тілінің грамматикасы туралы жазбалар мен бірнеше діни шығармалар бар.
Түркістан қаласының тұрғыны Мұрат Райхан
Қазақстанның батыс өңірі шеберлерінің қолынан шыққан күміс жүзікті сыйға тартса, қазақтың тоқыма бұйымдары тақыр кілем тоқу әдісімен тоқылған қоржын мен киіз үй әшекейін Кентау қаласының тұрғыны Арыстанова Баян анасы Орынбасарова Несіпкүлдің өз қолымен тоқып тұтынған заты болғандықтан ұрпақтан-ұрпаққа сақталу үшін музейге аманаттады. Сонымен қатар,
Мадина Ахметова есімді ақжаулықты ана ертеден келе жатқан қыш леген мен бидай-тары түйген келі-келісаптың қызықты тарихымен бөлісе отырып, әрі қарай музей жәдігері ретінде сақталуына сенім білдірді.
Музейге сыйға берілген өзге де тарихи жәдігерлер қатарында VII-IХ ғғ. тән қыш саптыаяқ, ХIII ғ. кезеңіне жататын 14 дана мыс тиын, зергерлік бұйымдар, тарихи кітаптар мен қыш ыдыс бұйымдары бар.
Шара аясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Үлкен ақсарай бөлмесінің жаңартылған экспозициясына үлесін қосқан Алматы қаласының тұрғыны Талғат Шәймерденұлы 2 дана қасқыр терісін тапсырды.
Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген Бейбаулы батыр Өтейұлының Қостанай облысындағы ұрпақтары Түркістан қаласында тыныс тапқан би-батырлар жайлы құнды кітап ұсынды.
-"Музей қорын толықтырудың көптеген жолдары мен әдістері бар. Солардың бірі — халық арасында акциялар өткізіп, қолдарында жинақталған тарихи маңызы бар жәдігерлерді музей қорына сыйға тартуға шақыру. Музейлерге сый жасау әлемдегі музейлерде дәстүрлі шараға айналған құбылыс. Әлемдегі ең ірі музейлердің барлығы және қазіргі таңда қазақ жеріндегі 400-ге жуық түрлі жобадағы музейлердің қорларының басым бөлігі музейге берілген сыйлардан тұрады. Жеке азаматтардың музейлерге сыйға берген мәдени құндылықтары музей қорларын жинақтау мен толықтыру ісіндегі ең маңызды негіздердің бірі болып табылады.
Музейге сый шарасының мақсаты – ұлттық тарихи-мәдени мұраларды жоғалтпау, ел арасында елеусіз жатқан тарихи маңызы зор, құнды заттарды, ұлтымыздың ұлы тұлғаларына қатысты жәдігерлерді кәсіби тұрғыда сақтап қалуға атсалысу",- деді қорық-музейдің бас қор сақтаушысы Нұржамал Орынтайқызы.
Музейге сый акциясына қорық-музей қызметкерлері де белсене атсалысты.
"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі