«Бізге үлкен ойындар қажет емес» - Тоқаев
Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер ұйым алдындағы маңызды міндеттерді бірлесіп орындайтынына сенім білдірді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде сөз сөйлеп, оған мүше мемлекет басшыларына үндеу жолдады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Өз сөзінде Тоқаев бірнеше маңызды мәселеге тоқталды. Соның ішінде қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму жайы бар.
- "Тұрақты даму және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне біздің ұйымға мүше барлық мемлекет баса назар аударып келеді. Сондықтан ШЫҰ-ның экологиялық проблемалар тізімін тездетіп бекітуді қолдайтынымызды тағы бір мәрте айтқым келіп отыр. Ол мәселелерді шұғыл түрде бірлесіп шешуіміз керек", - деді Тоқаев.
Бұдан бөлек, мемлекет басшысы Қазақстанның ШЫҰ жасыл белдеу бағдарламасын қолдайтынын да жеткізді. Оның негізгі мақсаты – ресурстарды үнемдейтін және экологиялық таза технологияларды енгізу.
- "Тұрақты дамудың негізгі мәселелерін шешу үшін сіздерді жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар бойынша халықаралық орталықпен ынтымақтастық орнатуға шақырамыз. Бұл орталық Қазақстан астанасында орналасқан", - деді мемлекет басшысы.
- "Құрметті әріптестер, бізге Еуразиядағы үлкен ойындар қажет емес, бізге бәріне ортақ бейбіт, қауіпсіз әрі тұрақты болашақты құру үшін үлкен серпіліс керек. Ол үшін бізде бәрі бар. Тәжірибе де, механизмдер де, инфрақұрылым да, ниет те бар. Негізгі мақсатымыз – ШЫҰ аймағын тұрақты, экономикалық жағынан дамыған және гүлденген макроаймаққа айналдыру. Осы міндетті бірлесіп орындаймыз деп сенемін", - дейді Тоқаев.
Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтіп жатыр. Оған Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан басшылары жиналды.
Осы жолғы жиынның күн тәртібі – Ауғанстандағы жағдай, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері, сондақ-ақ ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты күшейту.
Бұдан бөлек президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрші елдердің басшыларымен екі жақты кездесу өткізеді деп жоспарланған.