Тоқаев Ауғанстандағы жағдай туралы: «Тойтарыс беруге дайындалуымыз қажет»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында Ауғанстандағы жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Oinet.kz.
Президент үкімет алдында қорғаныс өнеркәсібі кешені мен әскери доктринаны қайта жаңғырту міндеті тұрғанын мәлімдеді.
- Ауғанстандағы жағдай және жаһандық деңгейдегі ахуалдың күрделілігі қорғаныс өнеркәсібі кешені мен әскери доктринаны қайта жаңғырту, қорғанысқа қабілеттілікті арттыру міндетін алға қойып отыр. Қауіп-қатерлерге әрекет ету жылдамдығын арттыру мәселесіне де мемлекеттік дәрежедегі басымдыққа айналуға тиіс. Біз сыртқы әсерлерге және ахуал ең күрделі жағдайға жеткеннің өзінде, тойтарыс беруге дайындалуымыз қажет. Сырттан келетін қауіп-қатерлердің үлгісін жасау жоғары деңгейде өзекті болып отыр, - дейді мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында стресс-тесттер жасау қажеттілігіне назар аударды. Мемлекеттік аппараттың алдағы уақыттағы жоспарларын жасап, түзетуге негіз болатын сценарийлерді де ойластыру қажет екенін жеткізді.