«Вакцинаның пайдасын кеш түсінеді» - дәрігерлер жансақтау бөлімін көрсетті – видео

Oinet.kz 26-07-2021 1415

Дәрігерлер әрең дем алып жатқан ер адамның кеудесін көрсетіп, тағы да уақытында вакцина салдыруға үндеді, деп хабарлайды Oinet.kz Sputnik.kz порталына сілтеме жасап. 

image.png

Елорда дәрігерлері инфекциялық стационарларды видеоға түсіріп, жан сақтау бөліміндегі жағдайды көрсетті, деп хабарлады әкімдіктің ресми сайты.

Ресми мәліметке сәйкес, қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Күн сайын коронавирус инфекциясына шалдыққан 1300-ден астам адам тіркеледі. Жан сақтау бөліміне түскендер де аз емес. Астаналық дәрігерлер әрең дем алып жатқан ер адамның кеудесін көрсетті. Оның өзі дем ала алмай жатқаны анық байқалады.

- Міне, бұл кісі өз күшімен дем ала алмайды. Ол үшін аппарат дем алып жатыр. Өзіңізді және жақындарыңызды осындай жағдайға жеткізбеңіздер, - дейді дәрігерлер.

Ауруханада жатқандардың арасында зейнеткер Мәдина Сыздықова да бар. Ол жұбайымен бірге қауіпті вирусты жұқтырған.

- Жұбайым екеуміз қауіпсіздік шараларын сақтап жүргенде бәрі жақсы болатын. Құрметті азаматтар! Мен сіздерді коронавируспен ауырған адам ретінде бұл ауруға жүрдім-бардым қарауға болмайтынын ескертемін. Вирустық инфекция өте қауіпті. Қорқатындай-ақ қауіпті! Енді жұбайым екеуіміз ем алып, осы ауруханада жатырмыз, — дейді ол.

Инфекциялық стационарға қайта бейінделген көпбейінді қалалық балалар ауруханасының инфекционист дәрігері Айнұр Омарова қала тұрғындарына үндеу жолдап, инфекцияның қаншалықты қауіпті екенін еске салды.

- Жағдайдың ауыр екенін алдыңғы шепте күресіп жүрген бізден естігендеріңізді қалаймын. Ауыр науқастар көп, реанимациялық төсектің біреуі де бос емес. Індет жұқтырған балалар көп. Өз денсаулығыңды, өзгелердің денсаулығын қорғаудың жолы — санитарлық нормаларды сақтау және вакцина салдыру. Вакцина ғана аурудан және жасанды тыныс алдыру аппаратынан қорғайды, — деп атап өтті ол.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Муратовтың айтуынша, бүгінде жансақтау бөлімдері 84 процентке толды. 248 адам ауыр жағдайда, 77 науқас аса ауыр жағдайда жатыр. Басым бөлігі – егде жастағы адамдар. Дегенмен 35 жастағылар да бар.

- Вирус мутацияға ұшырады. Жастар да қатты ауырып жатыр. Ауруға шалдыққандардың денсаулығы 2-3 күннің ішінде күрт нашарлайтыны сонша, тыныс алу аппаратына қоспаса болмайды. Ал жансақтау бөліміне түсудің басты себебі – вакцинаны уақытында алмау. Өкінішке қарай, олар осыны кеш түсінеді, - дейді Мұратов.

Мүлік иелерінің бірлестігі – үйді басқарудың жаңа формасы
Петропавлдық отбасыда 17-ші сәби дүниеге келді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу