Жыртық аяқ киімнен шыққан ақша
15-11-2022
Күні кеше аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққан педагог әлеуметтік желіде болды. Кейіннен белгілі болғандай, былапыт сөзді қарша боратқан әйел - Ордабасы ауданы Бадам ауылындағы Айтбай Шерімқұлов атындағы мектепте тәрбие ісі жөніндегі орынбасар болып жұмыс істейді. Аты-жөні - Ұлжан Елмұратова. 34 жаста.
Мектеп директоры бұл азаматшаны тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне өз еркіммен қойғаным жоқ деп ақталды. Жоғарыдан тапсырма болды деп тұр.
"Жоғарыдан болғанда әкімнің орынбасары алдына шақырды. Бір барып қайттым. Одан кейін ол білім бөліміне тапсырма береді. Мен оны завуч қылып алуға мәжбүр болдым. Осы қызметке былтыр 11-қарашада қабылданған. Содан бері істеп жатыр" - дейді мектеп директоры Өмірзақ Ақбөпе.
Ал Ұлжан Елмұратова мектеп директоры өтірік айтып жатыр дейді. Оның айтуынша, мектеп директоры оны қызметке өз еркімен қойған. Және қойғаны үшін "сый" дәметкен көрінеді. Бұл туралы ол журналист Әлия Ортаеваға берген сұхбатында айтты.
- Мен жұмысқа "завхоз" болып кірдім. Сонда мектеп директоры Өмірзақ ағай мені түнгі 2, түнгі 3, 4 болсын, түрлі жұмыстарға жұмсайды. Қазір балалар өте ерке. Сыра, арақ ішеді. Мен директордың тапсырмасымен соларды жөнге салып жүремін. Бүкіл жұмсаған тірлігіне бардым. Ағай риза. Менде "әйтеуір мектептің, елдің баласы ғой" деп күндіз-түні жүріп жұмыс істедім. Бірде директор: "Ұлжан, Бақытжан аға (тәрбие ісі жөніндегі орынбасары - автор) зейнеткерлікке кетейін деп жатыр. Орнына сен болсаңшы. Балаларға жаның ашиды ғой" - деп өзінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін ұсынды. Мен бұл жұмысты алып кете аламын деп уайымдап едім, директор мені жігерлендіріп осы қызметке лайық екенімді айтты. Бақытжан ағай зейнеткерлікке кеткен кезде, директор мені аудандық білім бөліміне апарып, орынбасарлық қызметке ұсынды. Сосын мектепке келіп бұйрық шығарды. Жұмысты бастап кеттік. Бірақ директор жұмысқа келген сайын маған: "кафеге бармадық па? Әр нәрсенің бір жол жобасын болады ғой, қызым" - деп айтып жүрді. Мен бұл жұмысқа бала-шағаның қамы үшін келдім. Күйеуім жұмыссыз. Содан Өмірзақ ағайға: "Ағай, мен сізбен кафеге бара алмаймын. Мынау сіздің шай-пұлыңыз деп оның Gold-на 200 мың теңге жібердім. Ол кісі "Ой, айналайын рахмет", - деп риза болды. Мен бұл ақшаны оған "пара" ретінде берген жоқпын. Ол кісі "жумайсың ба" деп жиі айта бергесін бердім, - дейді Ұлжан Елмұратова.
Еске сала кетейік, Ұлжан Елмұратова әлеуметтік желіде әлдекімді балағаттаған видеосы арқылы танылды.