«Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнінде» үшжақты комиссияның отырысы өтті
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қала және облыс әкімдеріне жазған хатында кәсіподақтар алаңында Үшжақты комиссия отырысын өткізу бойынша ұсыныс берілген. Жолдама хат аясында «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі ғимаратының мәжіліс залында «28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні» қарсаңында Әлеуметтік серіктестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, Шымкент қаласындағы Қазақстан Республикасы жұмыс берушілер Конфедерациясының өкілі Альберт Толщин, кәсіподақ төрағалары мен қызметкерлері, мемлекеттік басқарма басшылары, медиаторлар қатысты.
Күн тәртібінде Шымкент қаласындағы кәсіпорындардың мониторингі бойынша анықталған еңбек дауы болуы мүмкін жағдайлар және жалақы қарыздары, арыздар аясында басқарма басшыларының есебі, сондай-ақ, Татуластыру орталығына келіп түскен еңбек даулары бойынша арыздардың қаралу нәтижесі және қала аумағындағы кейбір мекемелерден міндетті зейнетақы жарналарының азайып кету мәселесі қаралды.
Сонымен қатар, отырыста Шымкент қаласының әкімдігі, «Шымкент қаласының «Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және «Қазақстан Республикасы жұмыс берушілер (кәсіпкерлер) Ұлттық Конфедерациясы» заңды тұлғалар бірлестігі арасындағы 2021 – 2023 жылдарға арналған ӨҢІРЛІК КЕЛІСІМ-ге қол қойылды.
Айта кетейік, Әлеуметтік серіктестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысы «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеевтің төрағалығымен кәсіподақтар алаңында алғаш рет өткізілді.