«200 теңгеге дейін тағы қымбаттайды»: Қазақстанда бензиннің бағасы артты
Қазақстанда бензин қымбаттады. Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары жаңа бағалармен танысып үлгерді. Мәселен, АИ-92 маркалы бензин 2 теңгеге қымбаттаса, АИ-95 5 теңгеге өскен. Ал кейбір жанармай бекеттері бағаны 10 теңгеге көтеріп жіберген. Бұл туралы Oinet.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандықтар бензиннің қымбаттауы тауарлар мен басқа да қызметтер бағасының артуына алып келмесе игі дейді.
Өз кезегінде энергетика министрлігі баға мемлекетпен реттелмейтінін алға тартып, жанармай құны нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа негізделетінін жеткізді. Ал кәсіпкерлер бензиннің қымбаттауы тасымалдаушылардан отынды алу бағасының өсуіне байланыс екенін айтады.
Сарапшы Тоқтамыс Меңдібаевтың айтуынша, жанармай бағасының артуына мұнай өндірудің азаюы әкелген. Тағы бір себеп - Еуразиялық экономикалық одақтың бензинді Ресейдегі бағамен теңестіру туралы шешімі екен. Мысалы, көршілес мемлекетте жанармай 70 теңгеге қымбат көрінеді. Сол себепті отандық өндірушілер жанармайды Қазақстанда емес, Ресейге апарып сатқанды жөн санайды, дейді маман.
"Қазақстан Ресейдегі бағаға жақындауы қажет. Ресейде мұнай бағасы арта береді. Олар бұрынғы кен орындарында жұмыс істеуде. Бензиннің бағасының өсу жылудың, жарықтың қымбаттауына ұласады", - дейді техникалық ғылымдардың докторы, профессор Тоқтамыс Меңдібаев.
Жылдың соңына дейін АИ-92 бағасы тіпті 170 теңгеге ұлғаюы ғажап емес. Ал АИ-95 200 теңгеге баруы мүмкін. Жанармай бағасын қаншаға дейін арттыру кәсіпкерлердің өз еркінде. Ал тасымалдаушылардың бағаны өсіруі өз кезегінде сатушылардың да бензинді қымбаттатуына әкеп соғады, деді сарапшы.