Көктас суреттерін қашап тастаған бейіт шырақшысы қалай жазаланады?
Шымкенттегі көктастарда суреттерді қашап тастаған бейіт шырақшысы қалай жазалануы мүмкін? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің ресми сауалына Ішкі істер министрлігінің өкілдері жауап берді. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, бүгінде шырақшы ескерткіштегі суреттерді қашап тастау ісі бойынша күдікті деп танылмаған.
Ведомство мәліметінше, 4 ақпанда Шымкент қаласында Шаназаров көшесінде орналасқан бейітте марқұмдардың мүрдесі мен оларды жерлеу орындарына қиянат жасау дерегі бойынша Қаратау аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеуді бастады.
- Бүгінде 1956 жылы туған шырақшы Расулмотов Юлдашвай Эргешбаевичке қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстық іс аясында дәлелдемелер жинау үшін қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, оның нәтижелері бойынша заңды баға беріледі, - деді полиция өкілдері.
ІІМ мәліметінше, Ю.Э.Расулмотов қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылмаған және қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Алайда кінәсі дәлелденген жағдайда оның әрекеттері Қылмыстық кодекстің 314-бабы, 1-бөлігі бойынша қаралады.
- Бап санкциясы бойынша 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады, - деді ІІМ өкілдері.
Сотқа дейінгі тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс бойынша шешімді сот шығарады.