Әйтенов Алдар көсе ме?
10-02-2022
Бүгінде үшінші мегаполисте қызу талқыланып жатқан ипподром дауына байланысты Шымкент қаласының әкімдері ішінде іскерлігі, елдің құрметіне бөленгені ерекше айтылатын, одан кейін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі ретінде қаланың дамуына өте көп үлес қосқан Болат Жылқышиев бұл бастаманы қолдамайтынын кесіп айтты.
БИЗНЕСТЕ ӘРКІМ ӨЗ ПАЙДАСЫ ҮШІН ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ
– Ипподром осы өңірдің дамуына өте үлкен үлес қосқан Асанбай Асқаровтың тікелей бастамасымен сол кездегі білікті сәулетшілердің жобасымен салынған. Ол әрбір шымкенттік үшін ыстық. Осындай нысанды тұрғын үй кешенін салу үшін бұзу өте ұят шешім деп есептеймін. Қазіргі Асанбай Асқаров атындағы демалыс аймағы-дендробақ, ипподром, зоопарк, «Тұлпар» көлін халықтың демалатын орны ғана емес, шаһардың мақтанышы деуге болады. Осындағы жасыл-желек қаланың өкпесі саналады. Сондықтан оның айналасында ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізілмеуі тиіс. Шымкентті басқарған жылдары біз қаланың даму жоспарын жасағанбыз. Сол жоспарда да ол маңда ешқандай нысан, тұрғын үйдің құрылысы қарастырылмаған болатын.
– Қала басшыларының айтуынша, қазіргі ипподром ешқандай талаптарға сай келмейді. Төменде орналасқан. Аттарға жел тимейтін көрінеді.
– Менің ойымша, бұл жай ғана сылтау. Талапқа сай келмесе, бюджеттен қаржы бөлдіріп, күрделі жөндеуден өткізуге не кедергі? Ал «аттарға жел тимейді» деген күлкілі әңгіме. Мен мұндайды бұрын-соңды естімеппін. Ипподромның төменде орналасқанын кім есептепті? Егер дәлелі болса неге халыққа жарияламайды? Жаңа ипподром салғанша ескірген атшабарды неге қалпына келтірмеске? Ол жерге бүгін тұрғын үйлер түсетін болса, ертең коммерциялық нысандар бәрін жаулап алады. Осыдан кейін бүгінгі атшабардың басындағы жағдай, зообаққа, дендробаққа түседі. Республикада теңдесі жоқ аймақты бұзып талқандағанша неге көздің қарашығындай сақтамаймыз? Бертінде Асқар Мырзахметов облыстың әкімі болып тұрған кезде сол аймақтан «Наурыз» алаңын салдырды. Ұлттық мерекелерді тойлауға, түрлі шараларды өткізуге арналған қандай керемет орынға айналды. Ертең тұрғын үй түссе, бұл алаң тозып, ластанады. Қалаға сән беріп тұрған «Тұлпар» көліне шомылу мүмкін болмай қалады. Қазірдің өзінде Бәйдібек би даңғылының бойы көлік кептелісінен босамайды. Егер демалыс аймағы құритын болса, онсыз да өкпесі қысылып отырған халықтың тынысы одан сайын тарылады. Қаланың бас жоспары бойынша шаһар солтүстік жаққа қарай ұлғаюы керек. Кезінде біз «Нұрсәт» шағынауданын салудан бастадық. Құрылыс жұмыстарын сол солтүстік жақтан дамытқан абзал.
– Дегенмен «BІ Group» компаниясының әкеліп отырған 130 миллиард теңге инвестициясы Шымкент үшін үлкен мүмкіндік емес пе?
– Шымкент республикалық маңызы бар қалаға айналды. Сондықтан мұндай үлкен шаһарға кез келген компания инвестиция құюға әзір деп ойлаймын. Бизнесте әркім өз пайдасы үшін жұмыс істейді. «BІ Group» компаниясының да бір саусағының бүгулі екендігі түсінікті. Ертеңгі күні жобаны жүзеге асырса, 130 миллиардты еселеп қайтарып алатынын біледі. Ал қарапайым халыққа пайда бар ма? «Тұрғын үй мүлдем салынбасын» деген ешкім жоқ. Тиісті жеріне салынуы керек. Бір нәрсені салу үшін бір нәрсені бұзу қажет емес. Ипподром басқа жерге көшірілген күннің өзінде оның орнына балаларға арналған кешен салынуы тиіс деп ойлаймын.
ТОЛЫҒЫРАҚ:
Шымкенттегі ипподром дауына қатысты экс-әкімдердің пікірі де екіге жарылды