«Қамқор» әлеуметтік дүкенінің саны артуда

Oinet.kz 05-12-2020 518

Қамқорлық пен қайырымдылық қазақтың қанына сіңген ізгі қасиеттер саналады. Өзгеге көмек қолын созуды азаматтық борыш, қастерлі борыш деп есептейтін халқымыздың осы бір асыл қасиеттері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Бұл орайда елдігіміз мен бірлігіміз сыналатын қазіргі жағдайда көмекке мұқтаж жандарға болысып жүрген жастардың көбеюі көңіл қуантады.  

image.png

Қоғамның барлық саласындағы жастардың өміріне серпіліс берген Жастар жылы аясында біздің облыста «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық жобасы қолға алынып, «Қамқор» әлеуметтік дүкендері ашылған еді. Бір Тараз қаласының өзінде осындай 3 қайырымдылық дүкені тұтынушыларына есігін айқара ашып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы мүшелерін киім-кешекпен тегін қамтамасыз ету қолға алған еді. Сондай-ақ халық көп шоғырланатын 5 сауда орнында арнайы киім-кешек, тұрмыстық заттар қабылдауға арналған жәшіктер орнатылып, қала тұрғындарының ізгі амалға атсалысуына жағдай жасалды.

–Дәл қазіргі сәтте облыс аумағында  12 қайырымдылық дүкені жұмыс жасап жатыр. Әр ауданда бір дүкеннен бар. Заттардың басым көпшілігі халықтан жиналған киімдер. Бұндай киімдерді өңдеп, қайта қалпына келтіріп, мұқтаж жандарға үлестіреміз. Жыл соңына дейін әлеуметтік дүкендер санын бесеуге жеткізіп, жалпы өңір бойынша 16 қайырымдылық дүкенін ашуды жоспарлап отырмыз, – дейді облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа.

 Жақында ғана Тараз қаласындағы «Қамқор» әлеуметтік дүкені тағы біреуге артты. Негізінен қайырымдылық дүкеніндегі тауарлар қорын кеденде мемлекеттік тәркілеуге алынған киімдер құрайды Әлеуметтік дүкеннің тұтынушылары мұнда отбасының барлық мүшесіне арналған киімдерді таба алады. Әрі көпбалалы, аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасылардың азаматтар алған тауарлары үшін ешқандай ақы төлемейді. Бастысы  бір адамға бірдей киімнің екі үлгісін алуға болады.

Тараз қаласының өзінде әлеуметтік дүкеннің 1000-ға жуық тұрақты тұтынушысы бар. Дүкеннен киім-кешек немесе тұрмыстық заттарды алу үшін бар болғаны жеке куәлік керек. 

Өз кезегінде Президент пәрменімен жарияланған Волонтер жылында бұл дүкендердің жұмысын жүйелі ұйымдастыру міндеті «Еріктілер қозғалысы» қоғамдық бірлестігіне жүктелген. 

– Дүкен тұтынушыларына екі қызметкер тұрақты түрде қызмет көрсетеді. Ал заттарды сұрыптау мен тазалауға еріктілер қол ұшын созады. Бір адам дүкенге айына бір рет қана келе алады.  Соған сай тұтынушылардың электронды базасы жасақталған. Базадан тұтынушылардың қашан және қандай киім алғандығын көруге болады. Жаңа оқу жылының басталуына орай демеушілерді тарта отырып, дүкен сөрелерін мектепке қажетті заттармен толықтыруды ойластырып отырмыз, – облыстық «Еріктілер қоғалысының» жетекшісі Медет Нұрділлә.

Жалпы қайырымдылық дүкендері ашылған бір жылдың ішінде қоймаларға 6 мың тоннаға жуық киім-кешек жиналған. Солардың  4-5 тоннасы толығымен мұқтаж отбасыларға таратылған. Әлеуметтік дүкеннің заттары өңір тұрғындарымен бірге  былтырғы жылы  Арыста болған төтенше жағдайдан зардап шеккендерге де жіберілген. Биыл мамыр айында  Мақтаралда орын алған су тасқыны кезінде де үйін, дүние-мүлкін су басып қалған тұрғындар Жамбылдағы қайырымдылық дүкендері арқылы киім-кешекпен қамтамасыз етілген. 

Қалай десек те қайырымдылық дүкендері мұқтаж отбасылардың қажетіне жарап тұр. Бұл істі ұйымдастыруға жастардың ерекше белсенділікпен атсалысу олардың бойындағы қайырымдылық пен мейірімділік сынды қасиеттердің жарқын көрінісі саналады. 

Танымал журналист Димаш Құдайбергенді қатаң сынға алды (видео)
«MERKI-2020» жастар марафоны
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу