Жігіттің бойындағы қамқорлық, кез келген қыздың сезіміне дәмді тұздық бола алады
Бәрі керемет еді. Жігіті бұған көлік сыйлады, Балиге демалуға апаратын. Екеуі үлкен пәтерде емін-еркін өмір сүрді. Бірақ... Элина оны тастап кетті. Ел таң қалды, бас шайқады. Бұл жігіт – ерке, сұлу, тәлпіш Элина үшін таптырмас жұп деп тон пішкен жұрт енді не ойларын білмеді.
Мен де бұл екеуінікі мәңгілік махаббат дегенге сенген едім. Сондықтан Элинадан ашық сұрадым. Не боп қалды?
«Шаршап кеттім. Ол ылғи бірдеңе талап ете береді. Онымен бірге тойға баруға, елдің көзінше күліп жүруімді, ең әдемі, ең сәнді болуымды. Басында қызық көрінетін. Ал үйге келгенде оның қолы бос емес. Біресе телефонда отырады. Біресе жұмыс істейді. Ол тіпті түн жарымында шаруа шешеді де жатады. Шаршадым».
Сосын Элина Вадикпен танысты. Ол дүкенде сатушы болып істейтін. Элина мойынорағыш сатып алуға кірген екен. Сол мойынорағыштан Вадикпен таныстығы басталды. Вадик қаланың шетінде бір бөлмелі пәтерде тұратын. Табысы мардымсыз. Елдің бәрі тағы таң қалды. Мынау түгі жоқ жігіттен не тапты?
Элина оны маған былай түсіндірді.
«Вадикпен бақыттымын. Ол гүлден басқа ештеңе сыйламайды. Бірақ өзі сондай тамаша жігіт. Ол мені институттан кейін қарсы алады. Екеуміз метромен үйге қайтамыз. Поршемен емес. Вадик мені отырғызатын орын іздейді. Үйде еркелетіп өзі тамақ істеп береді. Өзім де істей аламын десем, ол еркелеткісі келеді. Сәл демалып ал дейді. Бірде түсімнен шошып ояндым. Вадик құшақтап, жұбатып, қайта ұйықтатты. Ақ көңілінен басқа жігіттен ештеңе қажет емес екен. Мен соны түсіндім! Тек осындай қамқорлық қана маңызды!»
Адамға керегі тек қамқорлық. Азаматтың сенімді әрі үнемі қасыңнан табылуы маңызды. Шаршадым, жұмыс көп, уақыт жоқ деген сылтауларды ең аяулы жанға айтпайтыны құрметтетеді. Әрине, әр әйел қасында осындай Вадиктің болғанын қалар еді. Мың жерден мықты, іскер болса да әйел қамқорлыққа мұқтаж.
Бірде бір алтын алқа «демала тұр, мен тәтті ала келейін» деген лебізге жетпейді.
Баяғыда бір миллионердің зайыбымен әңгімелестім. Өте бай адам. Отбасы туралы сөйлестік. Рита олардың қалай танысқаны, махаббаттары қалай басталғаны туралы әңгілемеледі. Жиырма жастағы студенттер. Жігіті әр жерде тиіп-қашып нәпақа табады. Рита сырттан келген, жатақханада тұрады. Бір бөлмеде төрт қыз. Болашақ миллионер жатақханаға гүл әкелмейтін. Жоқ. Ол шай, тамақ, тәтті тасыпты. «Біз аш едік, дымымыз жоқ. Оның әкелгенін лезде жеп қоятынбыз». Сонда жігіті: «Қыздар, тағы не жейсіңдер? Айтыңдар, келесі жолы ала келем» дейді екен. «Мұндай қамқор адамға қалай тұрмысқа шықпаймын деп айтар ем?»
Басында кедей өмір сүреді. Ұлды болады. Болашақ миллионер жөргек жуады, келіншегінің демалып алуына бар жағдайды жасайды. Сосын ұсақ-түйек сауда-саттық бастайды. Рита біраз жылдан кейін сол сауда үлкен бизнеске айналып кетерін білмеді. Рита сүйкімді, жоғары білімі бар маман еді. Ал ол дипломсыз, орта бойлы, қарапайым жігіт. Ешкім Ританың құлағына ертең ол миллионер болады деп сыбырламады. Ол миллионерге емес, өзіне қамқор болған, алақанына салған азаматқа күйеуге шыққан еді.
«Сосын не болды?» — деп сұрадым.
«Айтарлықтай ештеңе болмады, — деп жымиды Рита. — Көлік алдық, үлкен пәтерге ауыстық, сосын тағы, тағы...»
Мен таң қалдым. Кейінгі дәулеті туралы айтуға зауқы соқпады. Ал отыз бес жыл бұрынғы жатақханадағы шай мен пішінә туралы көзі жанып тұрып, ризашылықпен еске алды. Ақша, пәтер, саяжай, яхта, бриллиант — бәрі өткінші. Баяғы арық жігітің шілденің жауынында қолшатырын ашып, саған тосқанын еске алған кезде дүние түкке тұрғысыз боп қалады...
Алексей Беляков
Аударған Шынар Әбілда