Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ
Бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеткен әйел қауымы төзімді, сабырлы, болғанымен қамқорлықты іздеп тұрады. Қырық жанды нәзік жандар тұрмыстың қай деңгейінде болмасын сырт көзге білдіртпегенімен әлсіз келеді. Сондықтан ана мен баланы, қыз бен қарындасты қорғау қашан да еліміздің ер - азаматтарына парыз саналады. Осы орайда Түркістан облысында қараша айының 25-і мен желтоқсан айының 10-ы күндері аралығында «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» халықаралық акция бастау алды.
Қазақстан Республикасы 1998 жылғы 29 шілдеде ратификациялаған әйелдерге қатысты әртүрлі дискриминация түрлерін жою конвенцияға сәйкес, жыл сайын 25 қараша - Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық көрсетуді жою халықаралық күніне орай ұйымдастырылып келеді. Аталған шараның басты мақсаты – көпшілік халықты әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты ескерту, алдын алу, ана мен баланы қорғау. Және қоғамдағы әр адам өз отбасының рөлін барлық дүниеден биік ұстап, күшейтуге негізделген отбасы мемлекеті аясында әйелдердің қауіпсіздігі турасында қабылданып жатқан шаралармен таныстыру болып табылады.
– Егер де сіз, қандай да бір зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз Түркістан облысы ПД-нің 102 нөміріне немесе +7(72-533)58580 сенім телефонына, Түркістан облысы «Сенім-Ай» қоғамдық бірлестігінің «Көмек» дағдарыс орталығының (мекен-жайы: Шымкент қаласы, Водопьянова №1 үй) +7(7252)357538 сенім телефонына немесе «Nur Otan» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдауы жанындағы отбасы, әйелдер және балалардың құқығын қорғау мәселелері жөніндегі «111 шұғыл қызметі» телефонына хабарласыңыз. Сіздердің құқықтарыңыз қорғалады, барлық тиісті шаралар қабылданады, - делінген Түркістан облыстық Полиция департаменті хабарламасында.
Құрметті оқырман, өзімізді және айналамыздағы жақындарымызды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан арашалайық!