Тоқаев БҰҰ бас хатшысына жеделхат жолдады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығына орай БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерришке құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Бүгінде барлық ұлт өткенге көз жүгірте отырып, БҰҰ-ның осы жылдар ішінде қол жеткізген үздіксіз ілгерілеудің жарқын жолын мақтанышпен бағалай алады. Тіпті қазіргі, әлем бастан кешіп отырған геосаясат пен экономикадағы, әсіресе, денсаулық сақтау саласындағы ауыр дағдарысты бастан өткеріп отырған кезде, БҰҰ-на миллиондаған адам, оның ішінде, осал топтар үлкен үмітпен қарайды", – делінген жеделхатта.
Мемлекет басшысы БҰҰ жүйесінің тиімділігін, есеп беретіндігін және мәмілегершілігін арттыруға бағытталған Антониу Гутерриштің стратегиясы мен айнымас күш-жігерін толық қолдайтынын атап өтті.
"Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында бекітілген негізгі мақсаттар мен қағидаттардың сақталуына және қорғалуына тікелей жауаптымыз. БҰҰ-ның тұрақты, қауіпсіз және инклюзивті болашақты қамтамасыз етуге бағытталған іс-қимылдарын Қазақстан толығымен қолдайтынын растаймын", – деді Қазақстан президенті.
Жеделхатта Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Гутерришке және БҰҰ-ның барша қызметкеріне игі бастамаларының табысты болуына тілектестік білдірді.