Автомобильші күнімен құттықтады
Қазан айының соңғы жексенбісі - автомобиль және қалалық көлік қызметкерлерінің күні. Ол халық арасында автомобильші күні ретінде танымал. Осы орайда, "YNTYMAQ" салалық кәсіподақ орта және шағын бизнес саласының жұмыскерлерінің республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы Бауыржан Ілімшеұлы Әлтеев «Shymkent Bus» ЖШС-ің қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтады. Бауыржан Ілімшеұлы өз сөзінде, жол ережесін сақтап, көлікті жауапкершілікпен жүргізу – бұл барлық жүргізушілерге қатысты міндеттер екенін атап өтті. Жүргізушілердің жол үстінде көзге оңай көрінетін, бірақ аса қырағылықты талап ететін қиын жұмысын ескере отырып, жүргізушілерге өз жұмысына адалдығы мен кәсіби біліктілігі, шеберлігі үшін шынайы алғысын білдірді.
Шара барысында 10 жүргізушіге 20 мың теңгеден қаржылай сыйақы беріліп, 4 жүргізуші "YNTYMAQ" салалық кәсіподақ орта және шағын бизнес саласының жұмыскерлерінің республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы бойынша филиалы төрағасының «Алғыс хатымен» марапатталды.
Атап өтейік, бұған дейін денсаулығына байланысты жұмысқа шыға алмаған 1 жүргізушіге салалық кәсіподақ тарапынан 100 мың теңге қаржылай көмек көрсетілген болатын.
Өз кезегінде, «Shymkent Bus» басқарушы компаниясы» ЖШС-ің директоры Азат Фархадұлы Қайыпбеков ұжымның атынан мереке қарсаңында жүргізушілердің еңбегін елеп, ескерген кәсіподақ төрағасы Бауыржан Ілімшеұлы Әлтеевке алғысын жеткізді.