Надыров Алматының бас дәрігері қызметінен кетті
Камалжан Надыров Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы қызметінен кетті, деп хабарлайды Oinet.kz.
- Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров осы жылдың маусым айынан бері қызмет еткен. Қ.Надыров өз еркі бойынша қызметінен босатылды, - деп хабарлады Алматы әкімдігі.
Камалжан Надыров 1983 жылы 27 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген.
Еңбек жолын 2007 жылы дәрігер-интерн, клиникалық ординатор, бөлім меңгерушісі, "Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы" бас директорының орынбасары болып бастаған.
2014 жылдан бастап денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметтерді стандарттау департаменті директорының орынбасары болып жұмыс істеді. 2015-2017 жылдары "Республикалық диагностикалық орталықтың" (University Medical Center филиалы) директоры қызметін атқарды.
2017-2019 жылдары елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болды. 2019 жылғы наурызда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі лауазымына тағайындалды.