АБАЙ ҚҰНАНБАЕВТЫҢ ОН ТОҒЫЗЫНШЫ ҚАРА СӨЗІ
Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады.Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады. Мұндай сөзді есіткенде шайқақтап, шалықтанып не салбырап, салғырттанып есітсе, не есіткен жерде қайта қайырып сұрап ұғайын деп тұшынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек? Осындай сөз танымайтұғын елге сөз айтқанша, өзіңді танитұғын шошқаны баққан жақсы деп бір хакім айтқан екен, сол секілді сөз болады.
Абай Құнанбайұлы.
ОН ТОҒЫЗЫНШЫ ӨЛЕҢ
Жүректі жібіте алмай қаталаған,
Мен кейде ойға батып, қапаланам.
Адамның барлығы да әуел баста,
Тумайды есті болып ата-анадан.
Жанына жылу таппай жан жұбатар,
Пендені пайымсыздық қалжыратар.
Ескерсе естіп, көріп, ұстап, татып,
Жақсы мен жаманды да ажыратар.
Тұрғанда жауырын мен иық қолдап,
Басына бақыт құсы сүйіп қонбақ.
Сондайдан білгені мен көргені көп,
Адамның білімі де биік болмақ.
Тектілік құшақ жаяр қош көргенге,
Дегдарлық дарақыға дес берген бе.
Сақтанар жамандықтың барлығынан,
Айтқанын естілердің ескергенде.
Надандық қылығына қысылмаса,
Құтқармас ыңғайсыздық кісіңді аса.
Шайқақтап, шалықтанып, не салбырап,
Қайыр не дұрыс сөзге тұшынбаса.
Меселі талайлардың қайтқан екен,
Сөз ұқпас сөйлегеннен жатқа бөтен.
«Мұндайдан шошқа баққан жақсы ғой» деп,
Бір хакім күйінгеннен айтқан екен!
Әлібек Шегебай.