Аймағамбетов игерілмей жатқан қаржы туралы айтты

Oinet.kz 16-09-2020

ҚР Білім және ғылым министрлінің аппарат жиналысы өтті. Министр жиналыс кезінде білім басшыларына бірқатар тапсырма берді.

image.png

- Қоғамда қалыптасқан бірнеше ұғым бар. Оны өздеріңіз де білесіздер. Балабақша, мектеп, Білім басқармасы болсын бәрін тікелей «министрлік қаржыландырады, министрлік басқарады, министрлік тағайындайды, министрлік жабдықтайды» деген баяғыдан қалыптасқан түсінік бар. Сондықтан осындай мәселелер туындаса, ең алдымен, министрлікке келеді. Бірақ тағы да бір рет айтамын – «ҚР білім туралы» Заңына сәйкес, бұл мәселелер тікелей жергілікті әкімдіктердің құзыреттілігінде. Жергілікті Білім басқармалары, білім бөлімдері, мектептер мен балабақшаларға, колледжге қатысты барлық саясатты іске асырады. Яғни қаржыландыру да, жабдықтау да, компьютер сатып алып беру де, интернетпен қамтамасыз ету де жергілікті бюджеттен. Бірақ бүгінде осы іспетті мәселелер қоғамда көтерілуде, - деді министр жиналыс кезінде.

Сондай-ақ, ол жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі екенін атап өтті.

Соның өзінде «жан басына қаржыландыру» тетігі бойынша, қосымша қаржыландыру, яғни білім саласын дамыту үшін арнайы нысаналы трансферттер берілу бойынша біраз сұрақ туындап жатыр. Ол түсінікті. Бізге тек қана қыркүйек айынан бастап Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентті алмағанда басқа қалаларда енді ғана «жан басына қаржыландыру» жүйесі іске қосылады. Дегенмен қаржы жылдың басынан, яғни қаңтар айынан бастап тұр ғой. Бұл дегеніміз – материалдық-техникалық базаға жұмсалатын қаржыны қаңтар-ақпан айларынан бастап игерулеріңіз керек. Мектептерге бұл қаражат керек емес пе? Қалай түсінуге болады? Мемлекет беріп тұрған мүмкіндікті пайдалану қажет, - деп Аймағамбетов жиналысқа қатысушылардың неліктен қаржыны игере алмағандары туралы сұрады.

Министр бөлінген қаражатты тиімді игеру қажет екенін жеткізді.

- 28 млрд теңге – өте үлкен қаражат. Бұл мұғалімдердің нақты жалақысына, жабдықтауға, яғни «жан басына қаржыландыру» жүйесі бойынша республикадан бөлініп отырған қосымша қаражат. Бірақ сол қаражатты тиімді игеру мәселесі маңызды. Әрине, бұл жүйе қыркүйектен ғана басталайын деп жатыр. Десек те, бұл мәселені алдын ала беріп отырмыз, - деді білім басшысы.

Министр Мемлекет басшысы өз Жолдауында да білім саласын ең басты мәселелердің ішіндегі басты мәселенің бірі ретінде қойғанын жиналысқа қатысушылардың есіне салды.

- Білім саласын дамыту бойынша мемлекет үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Соны тиімді ұйымдастыра білу - басты назарда. «Жан басына қаржыландыру» өте маңызды. Білім саласында қаржыландыру бойынша ашықтықты қамтамасыз ету қажет, - деді ол.

Министр бөлек бюджеттік бағдарламаны жүзеге асыру бойынша тиісті білім саласы басшыларына тапсырма берді.

- Сондай-ақ біріншіден, оны қадағалап, көріп отыруымыз керек. Басқа да қаражатпен араласып кетпей, жалпы мониторинг жүргізіп, жергілікті атқарушы органдардың дұрыс бағытта жұмсап жатқанын бақылап отыруға тиісті мүмкіндік болуы қажет. Екіншіден, қай өңірде қаншалықты қаржы жергілікті атқарушы органнан бөлінгені ай сайын қадағаланып, сайтқа салынып отыруы керек. Оны қоғам білуі қажет. Үшіншіден, азаматтық бюджет деген ұғым бар. Әр мектептің, әр облыстың бюджеті, шығындары міндетті түрде сайттарында жариялануы керек. Мысалы, бір компьютер сатып алынды ма, сол компьютер қандай, сондай-ақ, оны фотосымен қоса ақшасы да актісімен ілініп тұруы қажет, - деді Асхат Аймағамбетов.

Министр сонда ғана қоғамда білім саласына қатысты теріс ойлар болмайтынын айтты.

- Seda.edu.kz сайты бар. Ол жерде әр мектеп (оқушы санына дейін) бойынша тиісті ақпараттар салыстырмалы түрде қажет болатын болса, ақпаратты салып жатырмыз. Оған қосымша қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі де бөлек қаралатын болады. Қанша қаржысы бар? Бюджеті қандай? Оны қайда жұмсап жатыр? Не сатып алды? Жалақы төлеуге қанша ақша бөлінді? Материалдық базаны нығайтуға төлеген ақшасы және басқа да бағыттарға төленген қаражаттарын сол жерден көре аламыз, - деді ол.

Сонымен қатар министр мектеп басшылығы қанша орынбасары болуы керек екенін өзі шешуі керек екенін айтты.

- Білім беру ұйымдарына типтік штаттар міндетті болмауы керек. Мектеп басшылығы, қамқоршылық кеңесінің қолын босатуымыз қажет. Өйткені мектеп басшысы өзінде 3 орынбасары, әлде 2 орынбасары бола ма немесе 2 есепшісі бола ма, 1 есепшісі бола ма, оны өзі шешуі керек. Қалай болса да, сенде 3 орынбасарың болуы керек деп, мектеп басшылығын міндеттемеуіміз керек. Егер 2 орынбасар немесе 1 ғана орынбасар қалдырғысы келсе, үнемдеуге мүмкіндік беру қажет. Бастысы – бізге керегі білім сапасы. Қамқоршылық кеңес, педагогикалық кеңеспен осы жұмыс жүруі үшін директорды мүмкіндікпен қамтамасыз еткеніміз дұрыс, - деді министр.

Өткен тәулікте тағы 64 адамнан коронавирус анықталды
Алматыда 14 жастағы жеткіншекті көлік қағып кетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×