Әкім Есбаевтың ендігі тағдырын сот шешеді
Былтыр желтоқсанда қол астындағы қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмысқа тартылса, басшыға отставкіге арыз жазуды міндеттейтін заң нормасы қолданысқа енгізілгелі Қазақстанда 6 саяси қызметкер отставкіге арыз беріп, әртүрлі деңгейдегі 28 қызметкер тәртіптік жауапкершіліктерге тартылған. Отставкімен кеткендердің арасында облыс әкімінің орынбасары да бар. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлім етті.
2 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Федяев пен осы облыстың Ақжар ауданының әкімі Мадяров қызметтерінен кетті. Олардың алғашқысы облыстағы басқарма басшысының, ал екіншісі өзінің орынбасарының қылмыстық істері бойынша отставкіге арыз жазған болатын. Қазіргі уақытта Текелі қаласының әкімі Өнербаевтың отставкісі қаралып жатыр. Өнербаев әкімдіктегі аппарат басшысы, пара алғаннан кейін антикордың қызметкерлерінен қашып, өзенге секіріп кеткен Норқұловтың сыбайластық әрекеті бойынша жауапты болып отыр. Бұдан бөлек Атырау облысы Құрманғазы ауданының әкімі Нұртаев отставкіге арыз беруі тиіс. Отставкіге арыз жазуға дайындалып жүргендердің қатарында Түркістан облысы Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев та аталды.
Себебі жуырда жерге қатысты мәселені оң шешіп беру үшін 400 мың теңге пара алу үстінде ұсталған аталған аудандағы Жамбыл ауылдық округінің әкімі Бархия Құрманәлиевке қатысты үкім шығарылды. Біз осы жөнінде «Рейтинг» газетінде арнайы мақала да жазған болатынбыз. Жоғарыдағы құзырлы органның таратқан мәліметі рас болса, аудандық соттың экс-ауыл әкіміне қатысты шығарған үкіміне прокуратура шағым берген көрінеді. Сондықтан іс енді облыстық соттың апелляциялық алқасында қаралуы тиіс. Егер алқа үкімді өзгеріссіз қалдырса, Келесі ауданының әкімі Ақментай Есбаев отставкіге арыз беруге міндетті.
Бірі қызығы, тергеу барысында ауыл әкімі Б.Құрманәлиев кінәсін бұлтарусыз мойындап, процестік келісімге келген. Осы себепті оған айыппұл түріндегі жаза (12 миллион теңге) тағайындалған еді. Сонда процестік мәмілені бұзып отырған кім? Түсініксіз. Прокуратура әкімнің отставкіге арыз беру мерзімін ұзартуға ықпал етіп отырған жоқ па?
Десек те, апелляциялық алқаның да төрелік айтар күні алыс емес. Таразы басының қалай қарай ауарын уақыт көрсете жатар. Сондықтан Есбаевтың ендігі қызметтік тағдырын сот, дәлірегі соттың шығарған төрелігі шешетін болады.
"Рейтинг" газеті