Тасмағамбетовтың анасы салдырған мешіттің бүгінгі күйі қандай (фото)

Oinet.kz 08-09-2020 1158

Ақтөбе облысы Шалқар ауданының орталық көшесіне Иманғали Тасмағамбетовтың анасы салып берген мешіт көздің жауын алады. Тоғыз жылдан бері қолданыстағы Алла үйі ауыл халқының игілігіне жарап тұр. Оны әлі күнге дейін аңыз қылып айтып жүргендер бар, деп хабарлайды Oinet.kz. 

image.png

- "Иманғали Тасмағамбетов ағамыздың анасы салып берген мешіт - ауданымыздың көркі. Ол кісі Шалқардың қызы. Ділда апамыздың әкесі Матай Қоқанұлы діндар азамат болған. 1937 жылы ұсталып кеткен. Қазір мешіт салынған жерде сол кісінің мешіті болған. Ділда апамыз "Белсенділердің сол мешітті төбесін ортасына түсіргенін көзіммен көрдім" деп айтатын. Ол кезде Ділда апамыз бала болған. Кейін әке мешітін қалпына келтіру арманына айналып, осындай жақсы іс халық пайдасына жарады", - дейді Шалқар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қорғанбек Исаев. 

Аудан әкімдігінің жанындағы Матай Қоқанұлы атындағы құлшылық үйі Шалқар ауданына қарасты бүкіл мешіттердің орталығы. Аудандағы сегіз мешіт осы жерден басқарылады. Онда 300 адам бір мезетте құлшылық жасай алады. Мешіт жанына медресе, іс-шара өтетін асхана да салынған. 

- "Бұл мешіттің құрылысына Иманғали Тасмағамбетов ағамызбен қатар, сол кісінің үйіне күйеу болып келетін Кеңес Рақышев деген азаматтың да үлкен көмегі тиді. Мешіт салған кісілермен әлі де байланыс бар. Мешіттің өзі ғана емес, қасында бала оқытатын медресе және мешіттің кіріс-шығындарын ұстап тұру мақсатында кішігірім асхананы қосып салып берген. Тоғыз жылдан бері пайдаланып отырмыз. Өз күшімізбен асхана, медресеге жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Енді мешітке күрделі жөндеу жұмыстары жасалады. Оған шамалы қаржы керек. Қараған адам сүйсінетіндей ретке келтіргіміз келеді", - дейді Матай Қоқан мешітінің бас имамы Бақыт Тойшыбай. 

Имамның айтуынша, ауылда діни жағдай тұрақты. 

- "Бұрынғыдай айқай шудың бәрі қалды. Қазір бәрі имаммен бірігіп әрекет жасайды. Мешіттен әрдайым көмек сұрап тұратын жағдайы төмен кісілер бар. Оларға әр айдың 25-інде азық-түлік пакеттері таратылады. Бұл отбасылардың саны күннен күнге көбеюде. Басында 20-25 адамға көмек көрсететін едік. Қазір 50-ге жуық отбасыға азық-түлік пакетін таратып отырмыз. Мешіт жамағатының басын біріктіру бағытында ашылған әлеуметтік желіде парақшаларымыз бар. Сол парақшаларда үндеу тасталса, қайырымдылыққа үлес қосатындар да аз емес. Мектепке жол акциясын жыл сайын ұйымдастырамыз. Биыл үш отбасыға планшет алып бердік", - дейді мешіт имамы. 

Шалқарда жыл соңына дейін тағы бір жаңа мешіт бой көтермек. 

Криштиану Роналду сүйіктісіне ұсыныс жасады
Арыстағы жарылыс жемқорлық кесірінен болды: Әскер бар шындықты айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу