Билік транзиті қай елдің тәжірибесімен жүзеге асуда?

Oinet.kz 28-03-2019 972

1427104930_nursultan-nazarbayev-and-lee-kuan-yew.jpg

Елбасының президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуы, Қазақстанда бірінші адамның ауысуы әп-сәтте бола салды. Бір қарағанда, бәрі кенеттен сияқты.

Бірақ алдын ала болжанғаны рас. Иә, сарапшылар бұған дейін Н.Назарбаевтың келесі сайлауға түспейтінін, алайда оның Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билікке ықпалын жүргізе беретінін айтқан еді. Бәрі айны-қатесіз келіп жатыр.

Тоқаев өзінің аппаратын жасақтауда.  Елбасы өзінің кеңесесіндегі кадрларды тағайындауды аяқтап қойды. Біреуі Тұңғыш президент, біреуі жаңа президент...Қазақстанда қос өкімет орнап жатқандай әсерде қаласыз. 

Н.Назарбаев  президенттік тақтан кеткенімен, үлкен саясаттан кетпейтінін алдын ала мәлімдеп қойды. Қауіпсіздік кеңесіндегі, «Нұр Отан» партиясындағы төрағалықтың тізгінін бермейді. Конституциялық кеңестің мүшелігі тағы бар. «Сәуегейлер» бұған дейін Қазақстандағы билік транзитінің қандай жолмен жүзеге асатыны турасында пікір таластырып келген еді. Енді оның қандай жол екендігі анық байқала бастаған сияқты. Н.Назарбаев Ниязов пен Каримовтың тағдырын қайталамады. Шеварднадзе мен Ақаевтың кебін киген жоқ.  Елбасы ерекше жолды таңдады. Бірақ бәрібір де билік транзитінің қазақстандық сценарийі Сингапурде осыдан отыз жыл бұрынғы жағдайда, елдің тұңғыш премьері Ли Куан Ю-дің жолын еске түсіреді.

Ли Куан Ю-ді кейбірлер реформатор, мықты экономист, ғаламат ақыл иесі ретінде, енді біреулер диктатор, автократ, тіпті қатыгез саясаткер ретінде таниды. Ли жемқорларға, ұрыларға қарсы қатаң заң қолданған басшы ретінде белгілі.  Сингапур әлемде өлім жазасы ең көп орындалатын елдердің көш басында тұр. Куан Ю билікте отырған кезде  демократиялық қағидалармен аса көп санасқан жоқ.  Халықтың ой-пікіріне құлақ асуды да онша жақтырмаған саясаткер.   Ол ең бастысы, өзінің бағыт-бағдарының дұрыстығына сенді. Басқалардың бәрін осы жолда еңбек етуге жұмылдырды.

Куан Ю билік еткен 31 жылда Сингапур Малайзиядан Тәуелсіздігін алды. Экономикасы нашар, барлық тауарды сырттан сатып алатын, ешқандай табиғи байлығы жоқ, тілі де, діні де әралуан ұлттардан тұратын ел әлемдегі дамыған он елдің қатарына кірді. Сингапурдың «экономикалық таңғажайыптары» туралы көп әңгіме айтылады.

Ли Куан Ю мемлекет басшысының орынтағына бар-жоғы 36 жасында келді. 1990 жылы 67 жасында отставкіге кетті. Бірақ кетті дегені аты ғана еді. Мемлекеттің тізгінін оның ізбасары Го Чок Тонг алды. Ал Ли Куан Ю-ға биліктен арнайы лауазым ойлап табылды. Ол лауазым «аға министр» деп аталды. Қағаз жүзінде аға министр штаты президент, парламент сприкері, премьер-министр, вице-премьер, кеңсе басшысынан кейінгі қызметтердің бірі саналды. Ал шын мәнінде Ли Куан Ю  бәрінен жоғары тұрды. 2004 жылы премьер-министрдің креслосын оның ұлы Ли Сянь Лун иеленді. Куан Ю ұлының үкіметінде министр-ментор (біздіңше министр-ұстаз дегені мағынада) қызметін атқарды. Ресми түрде ол министрдің ұстазы деп жазылғанымен, халық оны тұңғыш премьер, Ұлттың атасы деп атады.

Байқасаңыздар, Сингапурде премьер-министр мен аға-министр. Бізде Тұңғыш президент пен жай президент. Кімнің президенттігі шынайы, кімдікі формалды? Мұны кім түсіндіріп бере алады?

2015 жылы Ли қайтыс болған кезде елде жеті күн қаралы күн деп жарияланды. Ұлағатты ұстаздың жиі айтқан бір сөзі бар: «Бәрін бас салып көшіре салуға болмайды. Өзгенің тәжірибесін жергілікті жағдайға бейімдеу, ұлттық ерекшелікті ескеру қажет». Қайбір жылдары орыстың данышпандары «Ли Куан Ю-дің әдіс-тәсілдерін Ресейге қалай енгізуге болады?» деген сұрақтың төңірігінде пікір таластырыпты. Сарапшылар бірауыздан «Куан Ю-дің тәжірибесін Ресейде енгізу мүмкін емес. Оның басты себебі Ресейде қытайлар жоқ» деген екен.

Назарбаев сингапурлік тәжірибені қаншалықты сәтті енгізе алды? Мұның дәл жауабын беру тек уақыттың ғана еншісіндегі дүние.

Screenshot_19.jpg

Халықты қашанғы қинайсыз, Мырзахметов мырза!
Тікұшақ апатынан қайтыс болған сарбаздардың отбасына 1 миллион теңгеден көмек беріледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу