Жамбылдың медицинасы арыз-шағымнан көз ашпай тұр

Oinet.kz 09-07-2020 1017

Screenshot_23.jpg

Жамбылдың медицицнасы арыз-шағымнан көз ашпай тұр. Жуырда әлеуметтік желіде Жамбыл облысы Жуалы ауданы ауруханасының қызметкері президентке хат жазып, аталған емдеу мекемесіндегі былық-шылыққа, бассыздыққа тоқтам салуды сұранды. Қоғамда резонанс тудырған осы мәселеге орай  Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аталған ауданға тексеру жіберді. 

Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, арызданушы Фарида Жанбатырова Жуалы аудандық ауруханасында лаборант болып істеген. Ол төтенше жағдай кезінде блокпосттардың бірінде қызмет еткен. Осыған байланысты оған сыйақы берілген. Ал аурухана басшылығы сыйақының бір бөлігін талап еткен көрінеді.   «Не үшін беруім керек?» деген сауалға ақша талап етушілер «бұл аурухана басшылығының тапсырмасы» деген жауап беріпті. Фарида Жанбатырова сол жолы  өз қолымен 29 мың теңгені санап берген.  Мамырда аурухана басшылығы 200 мың теңге сыйақының 150 мыңынан талап еткен.  Кейін ол президентке арыз жазған.   

-Әлеуметтік желілерде жарияланған Жуалы аудандық орталық ауруханасының медицина қызметкері Фарида Жанбатырованың өтініші бойынша ішкі тергеу жүргізу үшін Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасы бойынша арнайы комиссия жіберілді. Комиссия құрамына денсаулық сақтау басқармасының, облыс әкімі аппаратының қызметкерлері және қоғам өкілдері енген. Комиссия мүшелері медицина қызметкерлерімен, медициналық мекеме ұжымымен жеке кездесулер өткізіп, сондай-ақ анонимді сауалнама жүргізді. Комиссияның алдына айтылған барлық фактілерді объективті және бейтарап түрде анықтау, емдеу мекемесі қызметкерлерінің құқықтарының бұзылуына жол бермеу бойынша нақты шаралар қабылдау міндеті қойылды. Қызметтік тексерістің алдын ала нәтижелері бойынша Ф.Жанбатырованың кейбір дәлелдері расталды. Ұжымда жағымсыз моральдық-психологиялық жағдай қалыптасқан десек, оған ең алдымен емдеу мекемесі басшылығының өзінің кәсіби міндеттеріне жауапсыз қарауы әсер еткен. Жіберілген бұзушылықтар үшін аурухананың бас дәрігері Б.Алпысбай, бас дәрігердің экономика жөніндегі орынбасары А.Байтореев қызметінен босатылатын болады. Сондай-ақ, Жуалы ауданының әкімі Н. Еркебековке сөгіс жарияланады. Істің барлық материалдары құқық қорғау органдарына жолданды,-делінген Жамбыл облыстық әкімдігінің таратқан ресми мәліметінде. 

Жалпы бұл Жамбыл медицинасындағы алғашқы дау-дамай емес. Сәуірде Мерке аудандық орталық ауруханасының қызметкері Толқынай Ордабаева мекемедегі былық-шылықтар мен заңсыздықтарды әлеуметтік желі арқылы жариялаған болатын. Тексеруден кейін арыздағы жәйттар анықталып, аурухана  басшылығы жұмыстан босатылған еді.  

Әлия Назарбаева жеке өміріне бас сұғатын адамдарға ерекше жауабын берді
Танымал қазақстандық композитор өмірден өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу